Кибералаяқтың құрбандары
Бүгінде ақпараттық технология ғасырының жетістіктерін жетік меңгеріп алған арамзалар халықты сан соқтырып отыр. Қоғамда белең алған мұндай келеңсіздікті құрықтау тәртіп сақшыларынан үлкен күш-жігерді талап етуде. Шын мәнінде, «заманауи» қылмыскерлерге қарсы күрестің қалай жүргізіліп жатқанын қарапайым қалың бұқара біле бермеуі мүмкін.
Осы мәселеге орай Атырау қалалық полиция басқармасына хабарласқанымызда, басқарманың Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Думан НАЗАРБЕК тақырыпқа қатысты нақты мәліметтер келтірді.
– Статистика облыс көлеміндегі интернет-алаяқтық қылмыстарының саны өскенін көрсетіп отыр. Бұл – заманның өзі туындатып отырған қылмыстың түрі, оны түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Себебі, ақпараттандыру және байланыс саласындағы құрал-жабдықтар күн сайын жаңарып жатыр.
Биыл қыркүйектің соңына дейін өңірде барлығы 836 интернет-алаяқтық тіркелсе, оның 102-і ашылған. Ал, былтыр осы кезеңде тіркелген 623 қылмыстың 76-сы ашылған болатын.
Жалпы есепті мерзімде 102 қылмысқа қатысы бар барлығы 49 адам анықталды. Оның ішінде 11-інің облыс аумағындағы түрлі 74 қылмысты жасағаны дәлелденіп, істері сотқа жолданды. Жоғарыда айтқандай, бұл көрсеткіштер былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Өйткені, бұған жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесіне қарамастан, облыс көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарының тіркелу фактілері өсуіне, облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығы, ақпараттық технологиялар саласындағы біліктіліктерінің жеткіліксіздігі және табыс көлемінің басқа облыстарға қарағанда жоғарғы деңгейде болуы әсер етіп отыр.
Жалпы, ғаламтордағы қылмыста шекара болмайды. Олай дейтінім, қылмысты іздестіру барысында интернет желісін пайдаланған қылмыскерлер көбінесе Ресей және Украина елдерінен анықталады. Сол себептен «шекара асқан» қылмыстарды ашу кезінде қиындық туындайтыны белгілі.
Айта кету керек, шет елдердегі алаяқтар «Телеграмм» желісі арқылы студенттер мен жасөспірімдерден банк карточкаларын немесе екінші деңгейлі банктерден ашылған жеке кәсіпкерлікті жалға алу арқылы ақша аудартады. Өкініштісі сол, «дроппер» деп аталатын мұндай делдалдарға елімізде қылмыстық жауапкершілік көзделмеген.
– Сонда мұндай «заманауи» қылмыскердің құрығына кімдер көбірек түседі екен?
– Көбінесе адамдар ақпараттық технологиялардан сауаты аз болғандықтан алданып жатады. Бұл мәселе бойынша біздің қызметкерлер алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген профилактикалық материалдар жарияланды. Десек те, алаяқтың «құрбанының» қатарында егде жастағы зейнеткерлер, мұғалімдер және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің саны көп. Сондай-ақ мұнай-газ саласының қызметкерлері де бар. Өйткені, жалақысы жоғары болған соң, банк тарапынан олардың несиеге сұрау салу өтініші тез мақұлданады.
– Алаяқтың құрбаны болған жәбірленуші қалай әрекет етіп, кімнің көмегіне жүгіну керек?
– Жәбірленушілер өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсінген сәтте дереу «102» немесе «109» жедел желілеріне, облыстық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес тобына жүгінуі қажет.
– Тұрғындарға қатысты алаяқтық әрекеттерге жол беретін микроқаржы ұйымдары мен банктермен жұмыс жолға қойылды ма?
– Микроқаржылық ұйымдар мен екінші деңгейдегі банктер арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған. Республика Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Antifraud» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Яғни, банк тарапынан күдікті операциялар анықталған жағдайда банк бірден есепшоттарды бұғаттайды. Ал, ақша қаражаттарын аударып жіберген жәбірленушілерге келетін болсақ, банкке сұраныс жіберу арқылы аталған ақша түскен есепшоттар бұғатталып, мүмкін болған жағдайда ақша қаражаттары жәбірленушіге кері қайтарылады.
Сондықтан тұрғындарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарына алданып қалмауын сұраймыз. Егер қаскүнемге SMS-кодты айтсаңыз, олар кодтың сәтті расталғанын айтып, атыңызға несие ресімдеуі мүмкін.
Ақша жымқырудың тағы бір тәсілі – фишингтік сілтеме жіберу. Егер сілтеме жіберіп, толтыруды сұраса, оған өтіп, деректерді толтыру орны толмас қателікке ұрындырады.
– Сонда телефон нөмірі арқылы микрокредит ала беруге бола ма?
– Жоқ, алаяқтар кез келген адамның тек ұялы телефон нөмірін біле отырып, микрокредит ала алмайды. Ең бастысы – азаматтардың жеке куәлігіндегі жазылған мәліметтер алаяққа қолжетімді болмау керек. Сондықтан өзіңіздің жеке басыңызды анықтайтын құжаттарды танымайтын адамдарға жария етпегеніңіз абзал.
– Қазір облыс аумағында киберқылмысқа қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Оңай олжа табу үшін күн сайын қитұрқы тәсілін жаңартып отыратын алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін түсіндіру жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Тіркелген фактілерді әшкерелеу барысында жедел іздестіру қызметі іске кіріседі. Сонымен қатар, рес-публика көлеміндегі «Kazdream» мекемесімен бірлесіп, жұмыс барысында жаңа бағдарламаларды қолданамыз.
Халық арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып жүр. Тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге брошюралар таратылды. Облыстағы ақпараттық порталдарға мақалалар жарияланып, брифингтер өткізілді. Сонымен қатар, Instagram желісінде «@cyberpol_06», Facebook желісінде «Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарыс күрес тобы», TikTok желісінде «@atyraupolice» аккаунттары ашылып, интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау туралы түсіндіріледі.
Жуырда Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау-Жарық» кәсіпорындарының қызметкерлері мен Дамбы, Атырау, Еркінқала ауылдық округтерінің тұрғындарына интернет-алаяқтықтың және қаржы пирамидасының құрығына түспеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
— Дипфейкті қалай танып-білуге болады?
-Біріншіден, адамның жасанды мимикасына және көзін жыпылықтатуына немесе керісінше оның мүлдем жоқтығына, қисынсыз сөйлемдер құрастыруына, аздап тұтығуынан немесе робот іспетті сөйлеуіне назар аударыңыз. Сізге жасанды болып көрінгеннің барлығына күдікпен қарау қажет.
Сақ болыңыз, тек алаяқтар ғана үнемі ақша жайлы сөз етіп, сізден аванс, алдын-ала жарна, қосымша қызметтер үшін төлем түрінде оңай табыс тапқысы келеді. Бұдан былай олар ойларын тікелей емес, жасанды интеллект арқылы іске асыра алады.
Кейбір сервистер сапасы тым жоғары болмаса да бірнеше секундқа ғана созылатын бейненің немесе дауыс жазбасының көмегімен дипфейк-бейне немесе аудио жасаулары мүмкін.
Қаскүнемдер дипфейктің көмегімен банктік шотқа қол жеткізу, оны қолма-қол ақшаға айналдырып, жалған кредиттер ресімдеу үшін басқа адамның жеке басын қолдан жасайды. Сондай-ақ ірі қаржылық транзакциялар мен күрделі кредиттік алаяқтық схемаларын іске асыру мақсатында өмірде жоқ жаңа «адамды» жасап шығара алады.
Алаяқтар онлайн-сервистермен есептік жазбаларға немесе банктік карталар, кредиттер, т.б. қол жеткізу үшін қайтыс болған адамның деректерін пайдаланулары мүмкін.
Кез келген фото және бейне кескіндерді жасайды, дауыстың тоналдылығы, адамның бет-әлпеті сияқты биометриялық деректерді басқаруға болады. Ешқашан болмаған оқиғаларды жасауға, адамға жас қосып, егде адам етіп көрсетуге немесе керісінше, бірнеше ондаған жылдарға бейнесін жасартуға, қайтыс болған актермен фильм түсіруге, фотосуретті жандандыруға болады.
– Заң бойынша киберқылмыскерге қандай жаза қарастырылған?
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының екінші бөлігі 4-тармағында жауапкершілік көзделген. Яғни, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалатын интернет-алаяқтық қылмыстары үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА