Жарнама
Құқық

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЫ

Қазіргі қолданыстағы Конституцияның негізгі ерекшелігі бар деп білемін. Оның бастысы, Ата заңның республикалық референдум арқылы қабылдануында. Яғни, еліміздің басты құжатын барша Қазақстан халқы қолдап, дауыс берді. Жарқын болашаққа ұмтылысын көрсетіп, қалауын білдірді.

Конституцияда ел дамуының негізгі қағидалары, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары, саяси, әлеуметтік дамуындағы бағыттар мен міндеттер анық белгіленген. Ата заң – Қазақстан Республикасындағы заңдылықтың кепілі. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады. Конституцияның 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында адам құқықтары мен бостандықтарының танылуы, оларға кепiлдiк берiлуі, адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылғаны, олар абсолюттi деп танылатыны, олардан ешкiм айыра алмайтыны, республика азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарына ие болып, мiндеттер атқаратыны туралы айтылған.

9 бөлімнен, 98 баптан құралған Конституцияда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қағидалары көрсетілген. Соның бірі –Конституцияның 44-ші бабында көрсетілген Қазақстан Республикасы Президентiнің Қазақстан халқына елдегi жағдай мен республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнау құқығын ерекше атап өтуге болады. Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының барлық саласын қамтып, экономикалық модернизациялау, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларының бүгінгі күн талабына сай болуына кепілдік беретін маңызды құжат екені сөзсіз.

Конституцияның 83-бабында прокуратураның қызметіне ерекше маңыз берілген. Аталған орган мемлекет атынан республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi Жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл, әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады. Сондай-ақ, республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi.

Прокуратура органдарында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы тексерулер жүргізу арқылы, істерді зерделеу арқылы, азаматтардың өтініштерін шешу арқылы жүзеге асырылады. Барлық азаматтар Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген нормаларды сақтауға міндетті.

Айгүл ТЕМІРТАСОВА,

облыс прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button