Жарнама
Құқық

КЕЛІМСЕК САУДАГЕРГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Әрине, жаңа жылдан бастап облыс орталығындағы сауда орындарында өзбек, қарақалпақ саудагерлерінің азаюы оларға көзіміз үйреніп қалған бізге оғаштау көрінгені рас. Алайда, енді Қазақстанда тіркелмеген өзге ұлт өкілдеріне бұрынғыдай саудасын жүргізу заң шеңберінде тоқтатылды.

Атырау облысы салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл Рзағұлованың түсіндіруінше, ағымдағы жылға дейін барлық саудагерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзіне ыңғайлы салық режимін таңдауы керек еді. Атап айтқанда, патент негізінде, оңайлатылған мағлұмдама арқылы немесе жалпыға ортақ тәртіп бойынша салығын төлеп, кәсібін жалғастыруы тиіс болатын. Жеке кәсіпкер қатарына қосылу үшін шетел азаматтарына Қазақстанда тіркелу шарт. Ал, бұған дейін өзге ел саудагерлері осы жерде кәсібін жүргізгенмен, жергілікті бюджетке олардан тікелей кәсіпкер ретінде салық түсімі болмаған. Тек күнбе-күн орынақысын төлеп, саудасын жасай берген.

— Өткен жылдың екінші жартыжылдығында өздері қалаған салық режимі бойынша 509 жеке тұлғаны жеке кәсіпкер ретінде есепке қойдық. Сондай-ақ, облыста тіркелмей жүріп-ақ саудасын дөңгелентіп әкеткен 1 100 резидент еместер анықталған. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде қазір  олардың қатары айтарлықтай азайды. Біз өз кезегімізде салық төлемей, заңсыз саудасын жүргізген басқа ел азаматтарын анықтап беруге көші-қон полициясы қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, — дейді ол. Ал, кедендік одаққа кіретін елдер азаматтарына Қазақстанда тұрғылықты тіркелу міндетті емес.

Бірақ, соған қарамастан сауда орталықтарының әр жеріне тығылып, қашып жүріп жұмыстарын жалғастырып жатқандар да бар көрінеді. Қаладағы сондай базарлардың бірінде біз тілдескен Ұлжан есімді Өзбекстан елінің азаматшасы Қазақстанда 18 жылдан бері сауда жасап жүр екен. Тұрмысқа керекті уақ-түйектерді сататын саудагер бүгінде соңғы тауарларын өткізіп жатыр. Сонан соң ол еліне қайтпақ.

— Соңғы жылдары жағдайымыз көп жақсарды. Базар басшысы тұрған орнымыздың төбесін жасап берді. Бұрынғыдай қыста тоңбаймыз. Бірақ, енді заң бойынша бізге сауда жасауға рұқсат берілмейді. Сондықтан, алыстан арқалап әкелгенімізді кері әкетпейін деп арзанға беріп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, біздің әкелген дүниеміз тез өтетін. Әсіресе, қарапайым халық бастапқыда той-садақаға қажетті орамал, матаны таба алмай, кәдімгідей қарбалас болып еді,-деген Ұлжан ақпанның бірінде еліне кететінін айтты.

Облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Руслан Әділовтен білгеніміз, мұнда тіркелмеген өзге ұлт саудагерлерін анықтамақ мақсатта қаңтар айының 14-інен бастап 24 ақпанға дейін салық инспекциясы, прокуратурамен бірлесіп сауда нүктелерінде жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Сондықтан да болар, күні бүгінде олардың қатары сиреген. Алайда, қулығын кәдеге асырған 158 саудагерді анықтағанын айтқан басқарма бастығы екінші рет ұсталғандар бірден еліне қайтарылатынын жасырмады. Бұдан кейін де көші-қон полициясы өз күштерімен бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастырмақ.

Рас, керекті бұйымдарын келімсектерден сатып алып, үйінің құрылысын жүргізіп, жүк тасытып, тіпті кілем қақтыруға дейін соларға сенген атыраулықтар олардың еліне қайтқанын қаламайтын шығар. Әйткенмен, сайып келгенде, мұның бәрі өзіміздің қазақстандықтар үшін тиімді болмақ.

Екіншіден, елінен тиын-тебенге әкелген тауарларын мұнда бірнеше есеге сатқан саудагерлер түскен қаражатты кейін туған жеріне әкетеді. Яғни, салық департаменті мамандарының айтуынша, біздің қаражат басқа мемлекетке кетіп жатыр. Олардан салық та түспейді.

Үшіншіден, енді тұрмысқа керек-жарақты сатумен жергілікті кәсіпкерлер айналыса алады. Бір сөзбен айтқанда, олардың ісін жандандыруға жол ашылмақ. «Еңбек етіп, кәсібімді кеңейтемін» деушілер заңды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп, саудасын жалғастыра беруге мол мүмкіндік бар.

— Базарда орынақы да қымбат емес. Тауарды әкеліп беретін арнайы фирмалар бар. Бұрынғыдай емес, кеденнен қиындықсыз өтуге  болады. Кәсіпкерлерге елімізде барынша қолдау көрсетіліп жатыр ғой, соны пайдалана білейік, — дейді бізбен әңгімесінде азық-түлік сатумен айналысатын кәсіпкер Құралай Рзағалиева.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button