Жарнама
Құқық

«ҚИЫН БАЛА» ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Алайда, уақыт үстірт шешімнің асығыс жасалған қадам екенін көрсетіп отыр. Қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша, бүгінде тәртіп сақшылары ұсақ-түйек қылмысқа бейім, тәрбиеге көнуі қиын ұл-қыздарды апаратын орын таппай қиналуда. Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы бұзық балаларды қабылдаудан азар да безер болады. Ішкі істер органдарының қарамағынан білім жүйесіне өткеннен бері гуманитарлық бағытқа бейімделген орталық он сегізге толмаған тәртібі нашар балалар басқа балаларға теріс ықпалын тигізе ме деп қауіптенетін сыңайлы. 

СЕРУЕНДЕЙТІН ЖЕР СЕЛДІРЕП ТҰР…

Атырау қаласы бойынша қазіргі таңда балаларға арналған мекемелер тапшылық етіп тұр. Осындай кезде бірнеше жыл бұрын жабылған «Ақбота» балалар үйі ғимаратының қараусыз қалып, күйі кетіп қалғаны да «Ақпарат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Әділ заң – қоғам тірегі» атты «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге тиек болды. Балалар үйі түлектерінің әбден азаюы себепті жабылуы – республика бойынша сирек кездесетін оқиға. Мұнайлы өңірдегі балалар үйінің біреуге болса да азаюын кезінде жұртшылық оң бағалаған еді. Алайда, сол күйінде балабақшаға айналдыра қоюға әзір тұрған ғимарат құжаттық заңдылықтардың реттелуін күтіп тұрып қалған. Енді оны пайдалану үшін қайтадан күрделі жөндеу жұмысын жүргізу керек.
Сол сияқты, уақыт өткізбей, қолға алуды қажет ететін дүниенің бірі – «Фантазия әлемі» кешені. Осыдан тура он жыл бұрын бүлдіршіндердің бал күлкісіне тұнып тұрған ойын-сауық кешеніне қара құлып салынғалы да көп болды. Сынып, қирап, әр тұста домаланып жатқан аттракциондар мен әткеншектердің сынығына қарайтын көз керек!
Екі ортада – тағы да балаларға обал. Атыраулық ата-аналар сәбилері үшін тиімді, қалтаға қонымды демалыс орнының жоғына шағымданады. Көршілес облыс орталықтарындай емес, мұнда қуыршақ театры, хайуанаттар бағы, цирк дегендер атымен жоқ. Олар, негізінен, басқа өңірлерден келген көшпелі труппалар және бағасы жағаңды ұстатқандай болып келеді. Мәселен, жақында ресейліктер әкелген «Су перісі» ертегі желісімен түсірілген мюзиклдің билеті бір адамға 2000-3500 теңге, кейіпкерлерімен түскен суреті 1000 теңгеге бағаланды. Сірә, қонақтар Атырауда тек қана жалақысы жоғары адамдар тұрады деп ойлайтын болса керек.

ҚҰЖАТЫ ЖОҚ БАЛАЛАР БАР

Бұл – баланың демалу, күліп-ойнау жөніндегі құқы бұзылды деген әке-шешелердің жанайқайы. Өкініштісі, өмірге әкелген ұрпағы үшін ешқандай жауапкершілік сезінбейтін ересектер бар арамызда. Биылғы оқу жылының басындағы мектептердегі тексеру 11 баланың жеке бас құжатының жоғын анықтаған. Көбінесе, анықтай келгенде, олардың ата-анасында да құжаттың жоғы белгілі болады. Орта білім алу міндетті және аумақта оқумен қамтылмаған оқушы болмасын дегенді ұстанған мектептер баланы құжатсыз қабылдауға мәжбүр. Қаннен-қаперсіз әке-шешенің кейде қажет құжаттарды бүгін-ертең реттеймін деген сылтаумен оқу жылының соңына дейін созатын деректері белгілі. Кей жағдайда, ішімдіктің соңына түскен, жеңіл жолға түскен, басқалай жолдармен бала тәрбиесін ұмыт қалдырған кісілердің ұл-қызының туу туралы куәлігі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында рәсімделеді.

МЕКТЕПКЕ ИНСПЕКТОР
ЖЕТІСПЕЙДІ

«Ақпарат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Әділ заң – қоғам тірегі» «дөңгелек үстелінде» қозғалған мәселенің бірі – мектеп инспекторларының жетіспеушілігі. Атырау қаласының 56 мектебінде 34 инспектор жұмыс істейді. Бұлардан басқа, облыстық деңгейдегі колледжер мен лицейлерде тәртіп сақшысын ұстау қарастырылмаған. Балалар мен жасөспірімдердің тәртібін бақылау үшін қалалық ішкі істер басқармасы тағы да кемі 25 инспектор штатын ашуды сұрап отыр екен. Қазірде учаскелік инспекторлар кәсіптік колледжерге қандай да бір оқиға орын алған кезде ғана барады. Әйтсе де, аталған ұйымдарда да кәмелетке жасы толмағандар аз емес. Олардың бірқатары – қалаға келіп, еркін өмірдің дәмін тататын ауыл баласы.
— Жатақхана жетіспегендіктен, студенттердің бір бөлігі пәтер жалдап тұрады. Сонда ойын-сауық кешін ұйымдастырам деп полицейдің қырағы көзіне түскендер де, он екіде бір гүлі ашылмай жатып, аяғы ауырлап қалған қыздар да жоқ емес. Осы жерде айтарым: әсіресе, кәмелетке толмаған колледж оқушысының кураторына баланың ата-анасынан алынған сенімхат болуын міндеттеу керек болар. Шыны керек, біз кейде кімді жауапқа тартарымызды білмей қаламыз. Баланың ата-анасы алыста, қаладағы туыстар оның қылығын айтпай, жасырып қалып жатады, — дейді О.Көшқалиева.
Қалалық ішкі істер басқармасы өкілінің бұлайша сақтық танытуы бекер емес. Күнделікті өмірде тыныштық пен тәртіпті қадағалап жүрген жандардың оң әрекеті кері бағаланып, бастарына бәле жамап алған кездері жетіп-артылады. Жақында қорғаншының қолындағы екі бала үйінде үш күн бойына ассыз-сусыз жатып, көршілер тиісті органга қоңырау шалады. Іле-шала жеткен полицейлер балаларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына алып кетеді. Кейіннен сәбилерді қорғаншылыққа алған тарап тәртіп сақшыларының араласуын жөнсіз санап, үстерінен шағымданған.
«Әділ заң – қоғам тірегі» дөңгелек үстелінің басты тақырыбы – қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды қамтығанмен, бала тәрбиесі жайындағы келелі әңгіме алғашқы кезекке шықты. Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Байжан Мұғалім шетелдіктер асырап алған нәрестелердің жайына тоқталса, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Артур Айтмағамбетов пен теолог-дінтанушы Ерғали Алпысбаев көтерілген проблемаларға діни тұрғыдан түсінік берді. Адам саудасы төңірегіндегі мәліметтер облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Андрей Карабасов пен «Мегаполис» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Иваскевичтің аузымен айтылды. Көкейкесті тақырыптар ортаға түскен жиынды қорытындылаған «Ақпарат» бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешованың мұндай басқосуды алдағы уақытта мектептер базасында өткізу жөніндегі ұсынысын жиналғандар қызу қолдады.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button