Ішімдік ішіп, рульге отырған…
Президент III Ұлттық құрылтайда атап өткен заң мен тәртіп – әділетті қоғам құрудың негізгі тірегінің бірі. Осы орайда өңірде 10-20 мамыр аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы заңға қайшы әрекетке «нөлдік төзімділік» қағидатын нығайтуға бағытталды. Көшеде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын қадағалаған полиция қызметкерлері қырағылық танытты.
– Біздің мақсатымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар көпшілік күн сайын кездесетін қиындықтардың алдын алу, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Аталған іс-шара кезінде 6021 әкімшілік-құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, 107 адам алкогольдік ішімдік ішкен күйінде қоғамдық орындарда болса, 60 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасады. Ал, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болған 109 дерек белгілі болды, — деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев.
Сондай-ақ жол қозғалысы бойынша 4046 дерек анықталды. Оның ішінде 6 адам «ащы суға» тойып алып көлік басқарған. Мысалы, 13 мамыр күні таңертең қаладағы Владимирский көшесінің бойында келе жатқан «Mersedes»-тің жүрісі полицейлерге күмәнді көрінеді. Дереу көлікті тоқтатып, жүргізушіні медициналық сараптамаға апарғанда, оның мас екендігі анықталған. Бүгінде оған қатысты 608-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданып отыр. Ал, автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Айта кетейік, 2891 жылдамдықты шамадан тыс асыру дерегін анықтаған автоматтандырылған «Кибер-шериф» тиімділігі жоғары екендігін көрсетті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Колладжды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА