Халық сенімінің айнасы
*23 маусым – Қазақстан полициясының күні
Ұлттық қауіпсіздік өзара байланысты үш деңгейден тұрады – жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі. Осы орайда Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жобаның бірі «Қауіпсіз ел» деп аталады. Бұл маңызды міндет еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы – Ішкі істер министрлігіне жүктелген. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуында, заңдылық пен тәртіпті нығайтуда полицияның ролі ерекше. Өйткені, елдің әрбір азаматы өз өмірі мен денсаулығы, табысы мен мүлкінің қауіпсіз екенін сезінуі тиіс. Мерекеге орай облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Нұрхат ОРАЗБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Нұрхат Кенжебайұлы, жуырда ғана алған генерал-майор шеніңізбен құттықтаймыз! Бұл құқық қорғау саласындағы еселі еңбектің өтеуі болса керек…
– Иә, рахмет. Отан қорғаушылар күні қарсаңында жоғары шенге ие болу мәртебесі бұйырды. Жауапкершілік жүгі ауыр салада қызмет еткеніме 25 жылдан асыпты. Елге сіңірген еңбектің еленгені жақсы ғой. Қандай да бір жетістікке жетіп, абыройымыз артып жатса – ол халықтың сенімі деп білеміз.
Ішкі істер органдарында қызмет ету үлкен жауапкершілікті, табандылықты талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, таңдаған саламыз арқылы елдің дамуына өз үлесімізді қосу, халыққа қалтқысыз қызмет ету міндетіміз.
– Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде полиция айрықша роль атқарады. Ендеше, тіркелген қылмыстар мен қылмыстың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты міндеттердің бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болса керек. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етудегі жұмысты ұйымдастыру үздіксіз жүзеге асады. Полиция тәулік бойы хабарламаларға ден қою, қылмыстардың жолын кесу және тіркелген қылмыстың ізін суытпай ашу бағытында ұдайы жауапкершілікпен қызмет етіп келеді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің мас күйінде көлік тізгіндеуіне жол бермеу, есірткі айналымының жолын кесу, отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және басқа да заң бұзушылықтармен күрес жүргізілуде. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтарды болдырмау және анықтау мақсатында цифрлық технологияларды полицияның көмекші құралына айналдыра бастадық. Бұл туралы әлеуметтік желіде және бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа жариялап отырмыз.
Уақыт иіріміндегі өзгерістер
– Еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, яғни қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы тәртіп сақшыларының қызметіне тоқталып өтсеңіз…
– Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен алқа мәжілісінде «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша роль атқаратынын, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін және заң бұзған кез-келген адам жазасын алуы тиіс екенін атап өткен болатын.
Біріншіден, полиция қызметкері – билік пен халықтың арасындағы көпір, екіншіден, тәртіп сақшысы – халық сенімінің айнасы. Ал, реформалар қазақ полициясының қызметіне оң өзгерістер енгізеді.
Иә, тәртіп сақшыларына жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Заң үстемдігін орнату жолында орындаушы орган ретінде үнемі тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнататын полицейлердің жеке басына қауіп төнсе де құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, күдіктілерді анықтап-ұстауда заңда көрсетілген талаптар бойынша қызмет атқаруда.
Соңғы жылдары заңдарға енгізілген толықтырулар мен өзгерістердің бәрін ескере отырып тиісінше әрекет етеді. Мәселен, жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін, отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар, әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген кейбір заңдардағы өзгерістер мен толықтырулар бойынша полиция қызметкерлеріне лекциялар мен нұсқаулықтар өткізіледі. Себебі, біздің басты мақсатымыз, халыққа сапалы құқықтық көмек көрсету болғандықтан, тәртіп сақшылары білімді де білікті болуы керек.
– Атырау – айтарлықтай қарқынды дамып жатқан өңір, келушілер көп, соның ішінде алыс-жақын шетелдерден де келеді. Бүгінде өңірдегі қылмыстық ахуал қандай?
– Көші-қон саласындағы жағдайды, құқық бұзушылықтарды біз үнемі қадағалап отырамыз. Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Мұндағы мақсат – көші-қон саласындағы заң талаптарының бұзылуына жол бермеу.
Иә, шетелдіктердің визасындағы келу мақсатын өзгертуі, еңбекке рұқсаты болмаса да жұмыс істеуі, шетелдікті қабылдайтын тараптың заң бұзуы және мерзімі өткен рұқсат қағаздармен ел аумағында жүруі секілді құқық бұзушылықтардың бар екені жасырын емес. Анықталған деректерге қатысты уақытылы шешім қабылданып, хаттама негізінде жауапқа тартылады. Сондай-ақ өрескел заңбұзушылыққа жол берген шетелдіктердің арасында сот шешімімен ел аумағынан тысқары шығарылған деректері де бар.
Жастар есірткіге есі кетпесін десек…
– Заман дерті – есірткі және нашақорлықпен күрес қазіргі күні қаншалықты нәтижелі? Есірткі транзиттік каналдарына тосқауыл қою, олардың өңірге енуіне жол бермеу шаралары қаншалықты тиімді?
– Сұрағыңыз орынды, бұл өзекті тақырыптың бірі. Қазір мамыр-маусым айлары аралығында республика көлемінде есірткіге қарсы күрес айлығы өткізіліп жатыр. Атырау облысы полиция департаменті де профилактикалық жұмыстарға басымдық беруде.
Есірткіге еліткендердің болашағы бұлыңғыр болатынын түсіндіріп, жастар мен жасөспірімдер арасында мақсатты жұмыс ұйымдастырылады. Себебі, оң-солын әлі дұрыс ажырата білмейтін жастардың өз тағдырына балта шабуына жол бермеуіміз керек қой.
Енді есірткі айналымының алдын алу бағытындағы жұмыстарды айтып өтейін. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 8 келіден астам есірткі тәркіленсе, оның 4 келіге жуығы синтетикалық есірткі. Синтетикалық есірткіні жасырын тығу (закладка) әдісімен айналысқан 30-ға жуық күдікті анықталып ұсталды. Оның арасында 14 жастағы жасөспірім де бар. Есірткіні жасырын тығу әдісімен айналысып, «оңай ақшаға кенелемін» деген күдіктілердің барлығы дерлік өзге өңірлердің тұрғындары, дені жастар. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіле береді.
Алаяқта айла көп
– Қазір алаяқтар жаңа технологияны пайдаланып, талай адамның обалына қалып жүр. Оларды алдап-сулап, арбауына тез түсіреді. Осындай келеңсіз жағдайларды азайту, жолын кесу мақсатында қандай жұмыстар жасалуда?
– Интернет-алаяқтардың арбауына түсетін тұрғындардың басым көпшілігі жалған онлайн дүкендер мен онлайн-жарнамалардың, онлайн-несиелердің құрбаны болып сан соғып қалғандар. Оған қарсы күресу үшін департаментте «Киберпол» бөлімі құрылып, криминалдық полиция және тергеу бөліністерінен іріктелген мамандар қызмет етуде. Мәселен, жыл басында жалған онлайн-жарнама жариялаған 1994 жылғы ер адам құрықталды. Ол «үй сатамын, жұмысқа орналасуға көмектесемін, тұрмыстық техникалар сатамын» деп түрлі тиімді ұсыныстармен тұрғындарды қызықтырып, алдын-ала төлем ақша сұраған.
Барлық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды алаяқтан абай болу керектігін ескертіп-ақ келеміз. Статистика бойынша Индер және Исатай аудандарының тұрғындары алаяқтан зардап шеккен.
Алаяқтан айла артылған ба, олар неше түрлі схема ойлап табады. Кең таралған схемасының бірі – алаяқ өзін телефон арқылы банк қызметкері ретінде таныстырып, банктік деректемелерді кез-келген жолмен білуге тырысады. Олар сондай-ақ жарнама арқылы сатумен немесе сатып алумен айналысады. Мәселен, сату үшін олар анонимді шоттарға алдын ала төлем талап етеді. Алдау нысаны әртүрлі болады. Адамдар ғаламтордағы алаяқтардың «торына» қалай іліккенін білмей де қалып жүр.
«Жұртқа жақын полиция»
– Қоғамда резонанс тудырған оқиғалардың басым бөлігінде зардап шеккен тарап полицияға жүгінгенімен, ешқандай шара қолданылмайтынын айтып, әлеуметтік желіден көмек сұрауға мәжбүр болып жатады. Мұндай әрекет халықтың полицияға теріс көзқарасын қалыптастыруы мүмкін ғой…
– Жоқ, бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Полиция қашан да «Жұртқа жақын полиция» қағидатын ұстанып, заң аясында қызмет етеді. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі белсенділіктеріне сәйкес ғаламтордағы кері байланысты үнемі жүргізіп отырамыз. Мәселен, құқық бұзушылықтардың алдын-алу және анықтау мақсатында бір жылдан бері 22 мыңнан астам тіркелушісі бар Telegram желісіндегі «Белсенді азаматтар-06» жұмыс чаты бар.
Тұрғындардан келіп түскен фото-бейнежазба бойынша полицейлер дереу әрекет етеді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындардың кез-келген арыз-шағымы полиция қызметкерлерінің назарына алынады, тиісті шарасы қолданылады.
Сондай-ақ полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдануға маңыз берілуде. Атап айтқанда, полицейлер күнделікті жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, кеудеге тағылатын бейнетіркегіштерді, бейнебақылау камераларын қолданады. Ал, қылмыстық, әкімшілік процестердің электронды форматта жүргізілуі азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Жолдағы қателікке кім кінәлі?
– Полицейлер өз қызметінде озық технологиялы жаңа құрылғыларды жиі қолданатынын айтып қалдыңыз. Соған қарамастан Атырау жолдарындағы апаттардың азаймауының себебі неде?
– Иә, «қара жолдағы» қателіктің соңы өкінішке соқтырған жағдайлар жиі кездеседі. Десек те, Атырау облысы аумағында жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендеді.
Өкініштісі, адам өлімі мен жарақат алған жол апаттары азаймай отыр. Жыл басынан бері оның салдарынан 56 адам қаза тапты. Профилактикалық, түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Облыстық, республикалық маңызы бар тас жолдарда «Кибер-шериф», «Оракул-инсайт» құрылғылары іске қосылған. Бұл құрылғылар жолдағы заң бұзушылықтарды, әсіресе жылдамдық асырған жүргізушілерді тез арада анықтап тіркейді.
Өңірде 1 ақпаннан бастап жол қауіпсіздігін қадағалау мақсатында «Кибер Шериф» 28 борттық-ақпараттық бағдарламасы іске қосылды. Соның нәтижесінде осы құрылғының көмегімен 4 ай ішінде жылдамдықты асырған 39 мыңнан аса дерек тіркелді. Оның ішінде жылдамдықты 130-дан 180-ге дейін асырған 16 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Алайда, жол қателікті кешірмейтінін ескеру керек.
Мәселен, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі уақытта орын алады. Жыл басынан бері 37 үй жануарының қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлік пен мал иелері материалдық шығынға қалды, дене жарақатын алғандар да бар. Полиция қызметкерлері үй жануарларын қараусыз қалдырған иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ түнгі уақытта «темір тұлпар» тізгіндегендер жол-көлік оқиғасына себепші болуда. Олар жол жиегінде үй жануарлары жүретінін біле тұра жол белгілеріне қарамастан жылдамдық режимін сақтамайды. Көлік жүргізушілері қала сыртындағы тас жолдарда техниканы басқару кезінде белгіленген жылдамдық режимін сақтап, әсіресе елдімекен тұсынан өткен кезде барынша сақтық шараларын алғаны дұрыс. Бастысы, көлік жүргізушілері өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығына жауапты екенін естен шығармауы керек.
Қауіпсіз қоғамдағы болашақ
– Келесі сұрағым, бүгінде Атыраудағы білім беру нысандары қаншалықты қауіпсіз?
– Мектептердегі дабыл батырмаларын және ондағы қауіпсіздік шараларының сақталуын жеке өзім бақылап, тексеріп тұрамын. Қазір мектептерде күзет мекемелері тұрақты қызмет атқарады. Каникул кезінде білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті тексеруді жөн көріп отырмын. Ол және кейінгі орынға ысырып қоятын мәселе емес.
Оқушылардың құқықтарын қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іске қосылған бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығына тікелей интеграцияланған «SOS» батырмасының жұмысын және ол бойынша қызмет көрсететін бөліністердің жеделдігін тексереміз.
Облыс бойынша барлық 201 мектеп бейнебақылау жүйесімен, 146 мектеп «SOS» дабылымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мектептердегі бейнебақылау камералары үздіксіз жұмыс істейді. Бұл құрылғылар полицияның көмекке жедел жетуіне мүмкіндік береді. Өйткені, сындарлы сәтте әрбір секунд маңызды.
– Нұрхат Кенжебайұлы, сұхбатыңыз үшін рақмет. Ел мүддесі жолындағы қызметтеріңіз абыройлы болсын!
Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Коллажды жасаған Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ