
«Еркекпін! …Әскерге барамын!»
Қазір көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Атырау қаласы бойынша 300-ге жуық адамды әскер қатарына шақыру көзделген. Әскерге шақыру науқаны 1 наурыз – 30 маусым аралығында өтеді.
«Қазір жастардың әскерге баруға құлшынысы қалай?» деген сауалмен Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасына барған едік. Мақсатымыз қала бойынша әскерге шақыруға жауапты маман мен жастармен тілдесу еді.
Сан мен сапа қандай?
Мекеменің кіреберісіндегі кезекші офицер құжатымызды тексеріп, әрі қарай жүруге рұқсат берді. Ұзын дәліз бойында сап түзеген жастар тұр екен. «Әскерге шақырылғандар осы болар-ау…» деп ойлағанымызша болған жоқ, алдымыздан Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы, подполковник Құрманәлі Жүнісбеков шықты. Әскери тәртіптің адамы екенін байқатып, бірден науқанның қалай ұйымдастырылып жатқанын айтып берді.
–Медициналық тексеруден бұрын біздің мамандар шақыру контингентін зерделеу, жастармен, ата-аналарымен, олар оқитын және жұмыс атқаратын мекеме өкілдерімен түсіндірме жүргізеді. Яғни, жастарды әскери бөлімдер бойынша сұрыптау және бөлу кезінде аталған шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, физикалық және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, — деді Құрманәлі Базарәліұлы.
Демек, әскерге шақырылатын сарбаздардың санынан бұрын сапасына мән беріледі. Сондықтан жігіттердің денсаулығы дәрігерлік комиссияда қатаң тексеріледі. Сала басшысы Қорғаныс министрлігінің «Цифрлық Қазақстан» интеграциялық ақпараттық жүйесінде әскерге шақырылушылардың барлық мәліметтері жинақталғанын атап өтті.
Саулығы жоқ сарбаздан қорған күтпе!
Болашақ сарбаздың алғашқы әскери танымы осы әскерге шақыру пунктінде басталады. Міне, «Отан алдындағы парызымды өтесем» деген бозбалалар дәрігердің шақыруын күтіп тұр. Қобалжып тұрғандары байқалады. Оларды түсінуге де болады, өйткені, денсаулықтарынан сәл кінәрат табылса әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Алайда бұл «әскерге бармайды» деген сөз емес, дәрігердің нұсқаулығымен ем алған соң қайтадан осы процестен өтеді. Тиісті сала мамандарынан құралған әскери-медициналық комиссия жастардың денсаулық жағдайын анықтауға қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Дәрігерден рұқсат алып жұмыс бөлмесіне енгенде окулист болашақ сарбаздың көзін құрылғымен тексеріп отыр екен. Оның қашықтықтан көру көрсеткіші –3 екені анықталып, әзірге Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілетіндердің қатарына қосты. Окулист Сапарғали Абдуллаевтың айтуынша, соңғы жылдары көздің нашар көру сырқаты жиілеп барады. Оның себебін жастардың бала кезінен бастап түрлі компьютерлік техника, гаджет-смартфондармен тым әуестенуімен байланысты екен.
Дәлізде әскерге шақырту алған Ақылбек Жанғалиев есімді бозбаламен сөйлесіп үлгердік. Ол стоматолог Қайрат Сұлтановтың қабылдауынан шыққанын, дәрігердің тістерінен мін таппағанына қуанып тұр.
– Дүйсенбіде «1414»-тен шақырту алып, Еркінқаладан келіп тұрмын. Менің әкем де, ағаларым да әскерге барған. Еркекпін дейтін адам Отан алдындағы борышын өтеуі керек, — деген Ақылбекке сәттілік тіледік.
Біз келесі бөлмеге енгенде психиатр Жұмазия Оразова Берік есімді шақырылушымен сұхбаттасып отыр екен. Маман оған түрлі жағдайда қалай әрекет ететінін сұрап, жауабына қарай өзінің тұжырымын жазып алып отыр. «Денсаулығы жарамды болғанымен, психологиялық сауалдардан өте алмай қалатындар бар. Өйткені бір жауаптың екіншісімен сәйкес келуі, бозбаланың өтірік немесе шын айтып тұрғаны зерделенеді» деп түсіндірді маман.
Айта кетейік, бұл жолғы шақырылушылар Қарулы күштер қатарына үміткерлер болып табылады. Жалпы, «жарамды» деп шешім қабылданғаннан кейін әскердің қай түріне баратыны нақтыланады екен. Бұл арада әр әскердің талабына сай параметрлерге сәйкес болуы маңызды.
Әскери-медициналық тексеру комиссиясының төрайымы, аға дәрігер Гүлнар Құлғалиева «денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданатын шымыр жігіттер іріктеледі» дейді.
– Әскерге шақырылушылар арасында қан қысымы, қаназдық (анемия), құлақ-мұрын, жүрек, ішек-қарын құрылысы, майтабан дерттерін жиі кездестіреміз. Болашақ Отан қорғаушылардың саулығы мықты болуы қажет. Тексеруден өткен жастардың көбі тез дайындалатын тағам жеп, энергетикалық сусындар ішеді. Оның үстіне басты байлыққа селқос қарап, емдеу картасының жоғалуына мән бермей жүре беретіндер бар. Осылайша, ауруын асқындырып алатындар да жеткілікті. Ал, дер кезінде ем қабылдаса, жазылмайтын ауру жоқ. Қазірде әскерге шақырылғандардың қатарында арқа омыртқасының қисаюы (сколиоз) көбейіп кетті, — деген аға дәрігер бозбалалардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді.
Аға дәрігердің сөзін лор-дәрігері Татьяна Бимағанова мен кардиолог Бақтылы Саназарова да растады. Дәрігерлердің айтуынша, кейбір әскер жасындағы жап-жас жігіттер тым семіз болса, енді бірінің бойы салмағына сәйкес келмейді. «Мұның бәрі, айналып келгенде, тамақтану режимін дұрыс сақтамаудан болатыны анық» дейді мамандар.
«Ұланы бардың – ұраны бір»
Дегенмен біз тілдескен жігіттер әскерге баруға ниетті болып шықты. Таэквондо спортымен айналысатын Айдын Сәлімов сәтін салса, Қарулы күштер қатарына сұранғысы келеді.
Ал, терапевтің қабылдауына кіріп шыққан 20 жастағы Бимырза Әлжанов бір жылдан бері денсаулығына байланысты әскер қатарына қабылданбай жүріп қалғанына қапалы. «Негізі 18-ге толғанда қатарластарыммен бірге барғым келген еді. Осы жолы әскерге аттанамын. Дәрігерлердің нәтижелі емінен кейін денсаулығым түзелді» дейді ол.
Биыл жоғары оқу орнын бітіретін Әсет Тұрғанов «әскерге барамын» деп алдына мақсат қойыпты.
– Бүгін дәрігерлік тексеруден өтудеміз. Бала күнімнен ата-анамның «әскерге бару – абыройлы міндет» деген сөзін естіп өстік. Екі ағам да борышын аман-есен өтеп келді. Ендігі кезек менде, дәл қазір әскер қатарына аттануға дайынмын. Алдағы өмірімді әскери саламен байланыстырғым келеді. Борышымды абыроймен атқару – басты мақсат. Жеке пікірім, ерлердің барлығы әскери өмірді басынан өткеру керек. Өйткені, әскер физикалық тұрғыдан ширақ болуымен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуға үйретеді, — деп ағынан жарылды Әсет.
Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Құрманәлі Жүнісбековтің айтуынша, оқу орындарындағы әскери-патриоттық жұмыстар жастардың әскерге қызығушылығын арттырған. Мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздарға жоғары оқу орнына түсуде жеңілдіктер берілуі олардың ұмтылысына себепші болып отыр екен. Тіпті, кейбірі медициналық тексеріс кезінде денсаулығындағы шағымды айтпай, ауруын жасыратын көрінеді.
– Әскерге барған бозбала несиелік каникул алуына, 4 жоғары оқу орнының бірін таңдап, тегін оқуына мүмкіндік алады. Мәселен былтыр күзде мерзімді әскери қызметін өтеген екі сарбаз – Нұрдәулет Қонысқали мен Ернұр Жағыпар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тегін оқиды. Екеуінің де таңдауы аталған білім ордасына түскен. Ескеретін жайт, тегін оқу сертификаты әскерге барып келген жастардың бәріне беріле бермейді. Жауынгер қызметін өтей жүріп, сол жолдаманы алуға лайықты екенін дәлелдеуі тиіс. Олар әскери қызмет барысында түрлі жаттығулардан сынақ тапсырады. Бірінші кезекте дене шынықтыру, құқықтық, командирлік, жауынгерлік дайындық бойынша үздік шыққан сарбаздар тегін білім алуға мүмкіндік алады. Сертификаттың жарамдылық мерзімі екі жыл. Бұл шаралар жастардың қызығушылығын оятып, армияның беделін арттыру үшін қолға алынған, — деп түсіндірді басқарма басшысы.
Ал әскерге медкомиссияның тыңғылықты сұрыптауынан сүрінбей өткендері ғана аттанады. Соның өзінде де кейбір сарбаздың кері қайтарылған жағдайы кездескен екен. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда бала күніндегі сырқаты аяқ астынан сыр беріп, госпитальдағы ем-домы нәтиже бермесе «жарамсыз» деп кері қайтарылады. Біздің облыста мұндай жағдай сирек кездеседі.
Басқарма басшысы өз еркімен әскерге барушылардың саны көбею себебін түсіндірді.
–Жастар әскерде қызмет ету болашақта қажет болатынын ұғынды. Болашақта келісімшартпен қызметке қалуға, құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Қазір мемлекет те әскери қызметшілерді әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп, қамқорлық танытады. Бұл жастарды әскер қатарында сапқа тұруға ынталандырады және біраз адам осы мүмкіндікті пайдаланады. Келісімшарт арқылы жұмыс істейтіндердің арнайы орта білімі болса, олар оқуға түсіп, жоғары білім ала алады, — деді Құрманәлі Базарәліұлы.
Ер мойнында қыл арқан шірімейді
Жас буынның әскери салаға қызығушылығының артуына білім беру ұйымдарындағы үгіт-насихат жұмыстары да әсер етіп отыр. Қарулы күштердің беделін арттыру мақсатында «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту бағытында «Айбын» жастар жиыны, мектептегі «Ерлік сабағы» бар.
Басшының айтуынша, әскери борышын өтеуді кейінге қалдыруда өзгерістер енгізілген. Яғни, кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылардың санаттары кеңейтілді. Атап айтқанда, бұрын кейінге қалдыру ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарының оқытушыларына ғана берілетін еді. Енді бұл жалпы білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтарға да қатысты болмақ. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы даярлықтан өтіп жатқан тұлғалар да бұл санатқа жатады.
Заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, күндізгі бөлімдегі студенттер босатылады. Әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы І-ІІ топ мүгедегі болса асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда жастар осыны растайтын құжаттарды әскери бөлімге тапсыруы керек.
Салада түйінді мәселелер де бар. Мәселен, жастардың кейбірі шақырту қағазын алса да әскери комиссариатқа келмейді. Мұндай жағдайда ол адам әкімшілік жауапкершілікке немесе жалтарғаны үшін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша жазаға тартылуы мүмкін. Жыл басынан бері 20-ға жуық бозбалаға жауапсыздығы үшін әкімшілік ескерту берілген.
–Қазіргі науқанға орай облыстық «Атырау» газеті арқылы ата-аналарды біздің қызметімізге түсіністікпен қарауға шақырамын. Қызметкерлер әскерге шақырылушыға шақырту қағазын беру үшін телефон шалады, мекен-жайына іздеп барады. Бұл жұмысты күндіз ұйымдастырсақ та, көбінесе шақырту қағазын қолына беру мүмкін емес. Кейде «1414»-тен смс-хабарлама барады. Біреуі жұмыста, оқуда, тағы басқа себептері бар. Сондықтан бұл жұмыстарға кешкі жетіден кейін кірісіп, үй-үйді аралауға тура келеді, — деді Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы.
Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында 300-ге жуық сарбаз аттанбақшы екен.
Майра ЕРҒАЛИ