ЕНДІ БАҚЫЛАУ ДА КҮШЕЙТІЛЕДІ
— Съезде күн тәртібіне қойылған – ел дамуының құқықтық-стратегиялық жоспарында міндеттелгендей, судья кадрларын іріктеу процесін одан әрі демократияландыру, сот жүйесін лайықсыз адамдардан арылту және судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру, әрі құқықтық тұрғыдан нығайту мәселелері көптің көкейінде жүрген, осы сала мамандарын мазалаған сұрақтар еді. Сот жүйесін дамыту, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігін арттыру, сот рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын барынша қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау міндеттерін іске асыру жөніндегі құқықтық шаралардың орындалуы да осы басқосуда жан-жақты талқыға салынды, — деді С.Байбатыров.
Президент съезд кезінде «Жекелеген судьялар дауларды қарауды созу арқылы бюрократия мен соттағы әуре-сарсаңға өздері жол береді» деген болатын. Осыған орай баспасөз мәслихатында Судьялар одағының төрағасы «Сотқа келген істердің дені көптеген заң бұзушылықтарға, қателіктерге толы болатыны жасырын емес. Сол себепті жаңа жобадағы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде бұл мәселеге ерекше мән беріліп, тергеу судьясы институтын дамытуды көздеп отырмыз. «Съезд кезінде Елбасы жаңа жылдан бастап судьялар санын 450-ге көбейту туралы айтты. Бұл хабарды барлық сот өкілдері қуана қабылдады» деді ол.
Азамат БАЗАРБАЕВ.