Биыл интернет алаяқтық 30 пайызға өскен
Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құпия ақпаратқа қол жеткізу, онлайн қызмет көрсету, тауарларды онлайн сатып алу және жалған банктер мен ұялы байланыс операторларынан хабарлама жіберу – интернет арқылы қылмыс жасайтындардың негізгі әдістері. Жыл басынан бері облыс көлемінде мұндай заңбұзушылықтың 920-сы тіркелген.
–Облыста интернет алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Алайда заңбұзушылықтар азаяр емес. Оған алаяқтардың басқа мемлекетте болуы себеп. Олар жаңа хакерлік қосымшаларды пайдалануда. Қазір анықталған қылмыстың 106-сы сотқа жолданып, қалғаны тергелуде. Көбіне алаяқтарға құрбан болатындардың басым бөлігі 25-45 жас аралығында болады, — деді А.Нұрманов.