БЕЙНЕКАМЕРА – ЕҢ СЕНІМДІ «КӨМЕКШІ»
-Өткен жылдың мамыр айында «ұйымдастыру штаттық өзгерістерге» байланысты Жедел басқару орталығыАтырау қалалық ішкі істер басқармасының қарамағына берілді. Ол бұған дейін департаменттің құзырында болатын, — деп бастады ол сөзін. — Осындай өзгерістерге байланысты орталықтың штаттық бірлігі қайта жасақталып, саны белгіленді. Бүгінде мұнда жедел кезекшілер, кезекші аға инспекторлар, жедел кезекші көмекшілері, күш құралдарын басқару тобының кезекші аға инспекторлары, кезекші бейнебақылау инспекторлары, кезекші «Навигатор» инспекторлары және «102» операторлары тәулік сайын ауысып, қызмет атқарады.
Атырау қаласында 266 бейнебақылау камерасын пайдаланып отырмыз. Оның ішінде 133-і қозғалмалы, 21-і күмбезді, яғни қозғалмайды, бір бағытты ғана көрсетеді. Бұл камералар көшелерде, алаңдарда, көше қиылыстарында және көп қабатты үйлердің аулаларында орналастырылған.
Сонымен қатар, «ГАЗель» автокөлігінің базасында шағын жедел басқару орталығыжұмыс істейді. Бұл орталықта бақылау камерасына жазылып алынған көріністерді сақтайтын арнайы қондырғы бар. Шағын жедел басқару орталығы негізінен, қаламыздың бейнебақылау камералары қондырылмаған жерлердегі құқық бұзушылықтарды анықтау үшін, сондай-ақ қала аумағында өткізілетін түрлі шаралар, мысалы, спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауда тәртіп сақшыларына көмектеседі.
2010-2012 жылдар аралығында «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс орталығының қоғамдық орындары мен көшелеріне 500 сыртқы бейнебақылау камерасын қондыру жұмыстары жоспарланған болатын. Аталған бағдарламаның алғашқы кезеңінде, яғни 2011 жылы 200 бейнекамера орнатылып, қаланың «Алмагүл» және «Балықшы» ықшамаудандарында қалалық полиция бөлімдері іске қосылды. Сонымен қатар, 2011 жылы Жедел басқару орталығындағы техникалық құрал-жабдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Мұның барлығына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, толық игерілді.
Қазіргі таңда «Қауіпсіз қала» бағдарламасының бірінші кезеңіндегі жұмыстар аяқталып, интеллектуалдық бейнебақылау жүйелері күнделікті қолданысқа қабылданды. Мемлекеттік мекемелерді (мектептер, балабақшалар, түзету мекемелері, т.б.) бақылауға арналған 138 бейнекамераны орнату үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.
Биылғы жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен 20-дан астам қылмыс және 12 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қылмыстарды сараласақ, оның дені ұрлық, тонау, бұзақылыққа қатысты. Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында спирттік ішімдік ішу, жол белгісінің талабын орындамау, тағы басқа болып кете береді.
Гүлнәзира МҰХТАРОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.