Жарнама
Құқық

Батырлар жолы — ұрпаққа өнеге

Атырау қаласында Германия мен Варшава келісімшарты әскери топтарының құрылғанына 80 жыл толуына орай интернационалист жауынгерлерді ұлықтауға арналған тағылымды мәдени кеш өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу, ардагерлердің ерлік жолын үлгі ете отырып, тарихты дәріптеу және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

— Германия мен Варшава келісімшарты әскери топтары құрылғалы сексен жылға жуық уақыт өтті. Бұл — тарих үшін елеулі кезең, ал сол тарихтың бел ортасында болған сіздер — ардагерлер үшін үлкен мақтаныш. Сіздер шет елдерде әскери борышты абыроймен атқарып, ерліктің, интернационалдық достықтың шынайы үлгісін көрсеттіңіздер. Бүгінгі жастар бейбіт аспан астында өмір сүріп жатса, ол — сіздердің сол қиын-қыстау жылдардағы жанкешті қызметтеріңіздің нәтижесі, — деді Германиядағы Кеңес әскері тобы мен Варшава келісімшарты әскери тобы ардагерлерінің Атырау облыстық филиалының директоры, отставкадағы подполковник Талғат Айтқалиев.

Кеш барысында ардагерлерге арнайы төсбелгілер мен Алғыс хаттар табысталып, олардың ел алдындағы еңбегі лайықты түрде ұлықталды. Мерекелік басқосу концерттік бағдарламамен жалғасты. «Інжу-Маржан» би ансамблі ұлттық нақыштағы «Қымыз тартуы» биін ұсынса, жас өнерпаздар Мұқағали Мақатаевтың лирикалық жырларын оқыды. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың жүрекке жылы тиер әндері шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button