«Бармақ басты, көз қыстыға» жол жоқ!
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен форсайт сессияда елдегі қатаңдатылған заңдар мен алдын алу шараларының арқасында қоғамның жемқорлыққа қарсы иммунитеті қалыптасып келе жатқаны туралы әңгіме өрбіді.
Шараға модераторлық еткен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы–ректор Саламат Идрисов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағыттарының бірі қоғамдық бақылау екенін атап өтті.
–Республикалық форсайт сессияның негізгі мақсаты – азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, алдын алу шараларын нақтылап, оның нәтижелерімен таныстыру. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да бұл тақырыпқа назар аударып, бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керектігін шегеледі. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы айрықша және күтілетін нәтижелер де көп, — деді университет ректоры.
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев, оның орынбасары Бейбіт Мамраев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин тақырыптың түйінін тарқатып, әр саладағы жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың негізгі факторларын атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, «бармақ басты, көз қысты» әрекеті тұрмыстық, әкімшілік және саяси жемқорлық болып бөлінеді. Олардың пікірі «Саяси жемқорлықты жеңу арқылы қалған екеуін де еңсеруге болады» дегенге тоғысты.
Сондай-ақ Атырау облыстық Қоғамдық кеңестің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылау, құқық қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Асхат Иманғалиев мемлекет пен қоғамның жемқорлыққа қарсы ымырасыз жүргізіп жатқан күресінің оң нәтижесі бар екеніне тоқталды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ