
Баласының балағат сөздер айтқаны үшін енді ата-аналар айыппұл төлейді
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілердегі әдепсіз әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді мұндай тәртіпбұзушылықтар үшін ата-аналарға немесе заңды өкілдерге айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, көпшілік алдында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, әсіресе бейәдеп түрде (ауызша не жазбаша) жасалса, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал көшеде бейәдеп сөз айту – ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады.
Ересектер үшін жазалар төмендегідей:
–100 АЕК-ке дейін (393 200 теңге) айыппұл немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту;
– Қоғамдық орында бейәдеп сөз айтса — 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл немесе 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамау;
–Қайталанған жағдайда — 30 тәулікке дейін қамау қарастырылған.
Кәмелетке толмағандардың бейәдеп әрекеттері үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер жауап береді. Жауапкершілік жас ерекшелігіне қарай бөлінеді:
– 14–16 жас: ата-аналар 7 АЕК (27 524 теңге) айыппұл төлейді;
– 16–18 жас: жасөспірім жеке жауапқа тартылуы мүмкін, егер жұмыс істемесе — ата-анасы 10 АЕК (39 320 теңге) төлейді;
– 12 жасқа дейін: толық жауапкершілік ата-аналарда, айыппұл — 10–15 АЕК (39 320 – 58 980 теңге) аралығында.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде балағат сөз жазу, қорқыту немесе кибербуллингке жол бергендерге қатаң шаралар қарастырылған. Мұндай жағдайларда айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін (786 400 теңге) жетуі мүмкін.
Полиция әр жағдайды жеке қарап, құқықбұзушылықты дәлелдеу үшін куәгерлердің айғақтары, бейне және аудио жазбалар, жазбаша мәтіндер бойынша лингвистикалық сараптамалар қолданады.
Бек АЙДАРӘЛИ
Сурет: egemen.kz