«Баламыз – бүгін азамат!»
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментіндегі салтанатты шарада жас сарбаздар ант берді. Күзгі шақырылымда ел шебін берік күзеткен шекарашылар қатары еліміздің түкпір-түкпірінен келген 109 сарбазбен толығып отыр.
Сарбаз өміріндегі айтулы шарада Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әділ Абесов әскери ант берудің бозбала өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Бүгіннен бастап сарбаздарға Отанды қорғау деген құрметті миссия жүктелді. Әскер қатарына жаңа қабылданған жастар бір айлық қызмет кезінде жас жауынгер курсынан өтіп, техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысты. Саптық, мемлекеттік-құқықтық және атыс даярлығының негіздерін үйренді. Сапта тұрған нағыз патриоттарға Отан игілігі үшін қызмет ету абыройлы іс болмақ, — деген департамент бастығы жас жауынгерлерді айтулы оқиғамен құттықтады.
Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, майор Руслан Ануров әскери қызметтегі бір жыл жас жігіттер үшін өте пайдалы екендігіне тоқталды. «Олар денелері шынығып, нағыз сарбаз атанады. Сонымен қатар олар жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсу мүмкіндігіне ие болады» деді ол.
Сондай-ақ шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш сарбаздарды елеулі күнмен құттықтап, әскери қызметтің міндеттеріне жауапкершілікпен қарау керектігіне маңыз берді.
Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары мен туыстары да қатысып, кешегі бозбала – балаларының бүгінгі келбетінен есейіп қалғандарын байқапты.
– Бүгін ұлдарымыз өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты. Азамат атанып жатыр. Отан алдындағы борышын өтеу әр бозбала үшін өзіне деген сенімділікке тәрбиелейтін тамаша өмір мектебі болары анық, — деді Атырау қаласындағы Бесікті ауылынан шақырылған сарбаз Нұрсұлтан Ерболаттың анасы Гүлден Жақсығұлова.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Рахымхан Есенқұл Отан қорғау қызметі бозбаланың күш-жігерін сынауға, әскерді қуатты етуге және жауынгер достар табуға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. «Әскердегі бір айдың ішінде көп нәрсені ойыма түйдім. Осы уақыт ішінде дене даярлығымды шыңдап, жасаған әр ісіме жауап беріп, мықты бола түстім. Бүгін «Ант» сөзін мен жүрекпен ұғынып айттым және әскери міндетіме адал боламын. Ел тыныштығын қорғау әрбір азаматтың абыройлы міндеті деп білемін» деген сарбазға біз де «антыңа сай қызмет атқарып, елге аман-есен орал» деген тілегімізді жеткіздік.
Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер көпшілік назарына «арнаулы ұтқыр іс-қимылдар тобының» ұйымдастыруымен жауынгерлік ұрыстағы жаттығулардан көрініс көрсетті. Сондай-ақ командирлер шараға келген қонақтардың әскери қызмет төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ