Жарнама
Құқық

«Баламнан кешірім сұраймын!»

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің басым бөлігі қыз-келіншектерге қатысты орын алады. Зорлық-зомбылық – тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Атырау облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша жыл басынан бері полицияға 3667 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 400-ден астам құқық бұзушылық қайталанып, отбасындағы жанжалқорларға 3143 қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл деректер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Әрбір санның артында шынайы оқиғалар, ауыр зардаптар, мәңгілік өкініштер жатыр.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі отбасында зорлық көрсетіп, әйелін өлтіріп, темір торға тоғытылған адамдармен тілдескен болатын. Олардың тағдыры әртүрлі болғанымен, өкініші бір – болмашы ашудың салдары бүтін бір отбасының тағдырын талқандады. Бұл сотталған екі ер адамның әңгімесі – өзгелерге сабақ болар ауыр оқиға.

–Әйелімді жақсы көрдім. Бірақ сол күні ішімдік ішіп келдім. Екеуміз қатты ұрысып қалдық, ашуға беріліп, оған қол көтердім. Сол әрекетімнің салдарынан ол қайтыс болды. Қазір өмірімнің мәні жоқ, бәрінен айырылдым. Балаларым әкесіз өсті. Егер сол күнге орала алсам, қолымды ешқашан көтермес едім. Қол көтермеңіздер! Ашудың салдары адамды талқандап тынады. Қазір мен темір тордың ар жағында отырмын, ал менің балаларым анасынан, әкесінен айырылды,- дейді әйелінің өліміне әкеліп соққан әрекет жасап, абақтығы қамалған ер адам.

Келесі сотталған ер адамның оқиғасы да осыған ұқсас.

–Әйелім екеуміз сол күні ішімдік салдарынан сөзге келдік. Ашуымды ұстай алмай, оған қол көтердім. Соның кесірінен мен осы жерде отырмын. Балам екі жаста. Қазір ол ата-анамның қолында. Мен шыққанда, ол мектеп оқушысы болады. Уақытты кері қайтара алсам, әйеліммен болған ұрысты болдырмас едім. Ашу үстінде айтқан сөздерім мен жасаған қателіктерім үшін қатты өкінемін. Баламнан кешірім сұрағым келеді. Ол менің өмірімдегі ең үлкен өкінішім болды, — дейді ол.

Ашу – отбасын бұзады. Бұл екі оқиға – көптеген жанұяларда қайталанатын қайғылы көріністің бір бөлігі ғана. Зорлық-зомбылық – бір сәттік ашудың, бақылаусыз эмоцияның салдары. Бірақ оның әсері жылдарға, тіпті өмір бойына созылуы мүмкін. Жәбірленуші де, зорлық көрсетуші де зардап шегеді.

Айтпағымыз, зорлық-зомбылық – шешім емес. Қарым-қатынаста сыйластық пен сабырлық таныту – отбасы берекесінің кепілі. Зорлық-зомбылыққа куә болсаңыз, үнсіз қалмаңыз.

Айта кету керек, бүгінде Дағдарыс орталығына 104 адам жүгінген, оның ішінде 75-і – балалар. Бұдан басқа, 473 адамның 351 кеңесшіден, 56 психологтан қалған 66-ы заңгер көмегіне жүгініп кеңес алғандар саны.

Дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары көмектесуге дайын.
Сенім телефоны: 150, 46-60-60. Ал, полиция қызметкерлеріне хабарласу үшін: 102; 98-22-30; 98-35-33.

Зорлыққа жол жоқ! Махаббатпен өмір сүрейік!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button