Бала құқығын қорғауда маңызды қадамдар жасалды
Былтыр елде балалардың құқықтарын қорғау саласында көптеген маңызды өзгерістер мен оқиғаларға толы болды. Бұл кезеңде балалардың жағдайын жақсартуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды. Елдегі балаларды қорғау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жаңа бастамалар мен жобалар іске асырылды.
Өткен жылы ақпан айында «Баланың құқықтары туралы» заңға енгізілген өзгерістер балалардың құқықтарын қорғаудың сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылды. Бұл өзгерістердің ең басты жаңалығы — жетім балалар үшін тәлімгерлік институтының енгізілуі. Енді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жеке тәлімгерлердің көмегіне жүгіне алады. Бүгінде Атырау облысында 16 балаға 16 тәлімгер бекітіліп, олар балаларға қоғамға бейімделуге және өз бетінше өмір сүруге көмек көрсетіп отыр. Бұл жобаның жүзеге асырылуы балалардың болашағына оң ықпал етіп, оларға қажетті қолдау көрсетуде маңызды қадам болмақ.
Сәуір айында қабылданған жаңа заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен өзгерістер енгізді. Заң 70-тен астам өзгерісті қамтып, балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл заң бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін арнайы бағдарламалар әзірленді. Психологиялық қолдау орталықтары ашылып, «111» байланыс орталығы іске қосылды. Балалардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел ден қою мақсатында тексерулер жүргізу мүмкіндігі де артты.
Желтоқсан айында сенат балаларды қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін жаңа заңды мақұлдады. Бұл заң бойынша кәсіби қабылдаушы отбасыларды енгізу арқылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын жақсарту көзделген. Сонымен қатар, қамқоршылық органдарының штат саны да белгіленіп, олардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданды.
Сонымен қатар елде балаларды қолдаудың әлеуметтік механизмдері де кеңейтілді. Енді жеке меншік мектептерде оқитын осал отбасылардың балалары қажетті мектеп керек-жарақтары мен тауарларды мемлекеттік мектептегі оқушылармен бірдей алатын болды. Бұл шара әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және барлық балалардың тең мүмкіндікке ие болуына жол ашады.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстар тек заңдармен шектелген жоқ. Өңірлерде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар мен жобалар іске асырылды. Атырау облысында полиция департаменті мен прокуратура органдарының бірлескен жұмысы арқылы 65-ке жуық шағым қаралды. Сонымен қатар, Кәмілетке толмағандар құқығын қорғау комиссиясы 170-ке жуық істі қарады және олардың шешілуі үшін тиісті шаралар қабылданды.
Әсіресе, балалар қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты мәселелерге қоғамның назарын аудару үшін «Мен Айтамын» жобасы аясында ауқымды шаралар өткізілді. Атырау облысының түрлі ауданында ата-аналар, оқушылар, педагогтар мен психолог мамандар қатысқан бұл шаралар балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қатысушылар құмар ойындарға тәуелділік, қорлау, қысым көрсету, нашақорлық, жасөспірімдер арасындағы суицид секілді маңызды мәселелерге ашық диалог алаңында талқылап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын қарастырды.
Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі — бұл тек билік органдарының ғана емес, әрбір ата-ананың, мұғалімнің, қоғамның ортақ міндеті. Біз балалардың болашағына ұқыптылықпен қарап, оларды толыққанды қоғам мүшесі ретінде тәрбиелеуге бар күшімізді салуымыз қажет. Сондықтан да әрбіріміз бала қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті сезініп, оларды қорғау үшін бірге жұмыс атқарсақ деймін…
Айжан СӘРСЕНБАЕВА,
Атырау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі