БАЙҚАҢЫЗ, АЛАЯҚ АРАМЫЗДА ЖҮР!
Атыраудың тұрмыс деңгейі өзге аймақтармен салыстырғанда едәуір ілгері. Қулықтарына құрық бойламайтындардың қазыналы аймақты айналшықтайтыны сондықтан секілді.
— Алаяқтық қылмысын жасайтындар бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында, әртүрлі айла-амалдарды айтып, негізсіз, заңсыз жұмыстарды ұсынады, сол арқылы адамдарды алдап-арбап, сеніміне қиянат келтіреді. Мысалға, көптеген алаяқтық қылмыстары заңсыз жер немесе пәтер алып берем деп адамдардан ақшасын алып, жалған уәде беріп, алдап кету арқылы жасалады. Сол секілді, банктен несие алып беремін деп жалған уәде беріп, ақшасын алып кететін немесе қарапайым адамға әртүрлі себептермен несие алдыртып, ақшаны алданып қалған адамның өзінің төлеуіне мәжбүр болатын жағдайлар жиі кездеседі. «Ақшасы көп жұмысқа орналастырамын» деп алдаусырататындар да көп. Осыған байланысты азаматтарға жер телімдері мен пәтерді әкімиятқа ресми түрде өтініш жасау арқылы алуға болатынын түсіндіремін, — дейді қала прокурорының аға көмекшісі.
Әккі алаяқтардың әрекеті ертегідегі түлкі мен қарғаның тірлігін көз алдыңа әкеледі. Олар «жемтігін» уысына түсіру үшін айланың неше түріне барады екен. Адамның ойына келмейтін әдістерді де қолданады. Шындығында, қарапайым адам несие алу үшін банкке, ал жұмысқа тұру үшін жұмыспен қамту орталығына барса болмас па? Прокурорлар соңғы кездері белгісіз адамдардың ұялы телефон арқылы өзін құқық қорғау органының қызметкері деп таныстырып, ақша бопсалайтын жағдайлар жиі кездесетінін айтып отыр. Олар зардап шегушінің ең жақын адамдары полицияға «ұсталып қалғанын», оны дереу босату үшін ақша керектігін ескертетін көрінеді. Ашық күндегі найзағайдай болған хабар қарапайым жанның есін шығарып, сұрағанын тауып бергізеді. Хабарламаның өтірік болғандығы анықталғанда алаяқтың ізі де қалмайды.
«Мұндай жағдайда, алдымен балаңыздың, жұбайыңыздың қайда екенін анықтап, белгісіз адамның айтқан уәжінің шындыққа жатпайтынына көз жеткізіп, бұл туралы құқық қорғау органына хабарлау қажет. Жалған уәде, қауесет сөзге ермеу мақсатында әрбір адам әрқашан сақтық шараларын ойлап жүруі қажет. Сонда алаяқтық қылмыстардың құрбаны болмайсыз. Құқық қорғау органдары да бұл келеңсіздікті ауыздықтау үшін қызу жұмыс жүргізе береді» дейді қала прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Еңсегенов.
Бек АЙДАРАЛИ.