Жарнама
Құқық

БҮГІНГІ ҚАҺАРМАН – ОЛ КІМ?

Атыраулық полицей Фархад Базарғалиев адамды ажалдан құтқарып, асқан ерлік көрсетті. Ол мемлекет тарапынан елеусіз қалмай, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Награданы жеке құрам алдында ІІД бастығының міндетін атқарушы,  полиция полковнигі Аян Дүйсембаев  салтанатты түрде табыстады.

Оқиға былтырғы маусым айында болған еді. Таңертеңгі сағат 8 шамасында  «102» телефонына қоңырау түседі. Байланысқа шыққан адам қаланың «Маслопром» тұсында Жайық өзенінде қайық аударылып, адамдар суда қалғанын хабарлайды. Содан шұғыл түрде суға «Батыс» тобының сақшылары жеткен болатын. Оның құрамында Атырау қалалық ішкі істер басқармасының құрамындағы жол-патрульдік полиция қызметкерлері, полиция аға сержанты Ерболат Досжанов, полиция сержанты Фархад Базарғалиев, полиция кіші сержанты Руслан Танашев бар еді. Жағдай тез арада сарапқа салынды. Ілмелі моторы бар «Казанка» қайығы аударылған. Одан үш ер адам өз күштерімен шыққан. Қатты қорыққандарынан олардың сөйлеуге мүмкіндігі жоқ. Ал, жалғыз қалған әйел адамның басы көкжал толқындардың арасынан анда-санда бір көрінеді. Ол суға анық батып бара жатыр еді. Осы тұста Фархад Базарғалиев ойланбастан өзенге секірді. Жедел әрекет етуінің нәтижесінде, азаматшаға қолы ілікті. Малтып жүріп, оны жағалауға алып шықты. Құтқарылушы келіп үлгерген жедел жәрдемнің көлігімен ауруханаға жөнелтілді.

Осы ерлігі үшін полиция сержанты Фархад Базарғалиев мемлекет тарапынан жоғары наградамен марапатталды. Еліміздің Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Қазіргі заман қаһармандары» акциясына қатынасты.

Мұндай ержүрек ұлдарымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны анық. Дегенмен, Фархадтың өзі «менің орнымда кім болса да солай жасар еді» дейді. 

* * *

Атырау қаласының тұрғыны, 1986 жылы туған Рашит Жакупов та өзін батыр санамайды. Алайда, ол өртке оранған үйден баланы алып шығып, қаһарман атанып отыр.

Биылғы 9 қаңтар күні өрт сөндірушілерге дабыл түседі. Мұнда Авангард мөлтекауданындағы №9 үйдің 45-пәтерінен түтін шығып жатқаны баяндалған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенге дейін Рашит түтін будақтаған пәтерден сәбиді алып шықты. Бала 2010 жылы туған Мендіқұл Әлижан екен. Өрт шыққан кезде ол үйде жалғыз болған.  Газға уланған балдырған жедел облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Кейін жағдайы тұрақталып, неврология бөліміне ауыстырылды. 

* * *

Жақында сақшылар орталық көпірден өзенге секірмекке ұмтылған адамды райынан қайтарды. Дегенмен, полицейлерге өзін-өзі өлтірмек болған жанды ыңғайына көндіру оңайға түспеген.

Хабар жетісімен полиция сержанты Жасұлан Есқұлов пен қатардағы Әділбек Мулхайдаровтар оқиға орнына жетеді. Көргендері – көпір қоршауының  арғы жағында тұрған адам. Ол құтқарушыларға «жақындасаңдар, секіремін» деп айбат шегеді. Осылайша, сөз алысып тұрып, полицияның біреуі жас жігітті алаңдатады, екіншісі шап беріп оны ұстайды. Сақшылардың қимыл-қарекеті шапшаң болғандығы соншалық, өмірмен қоштасуға бекінген адам не болғанын түсіне де алмай қалыпты.

Абырой болғанда, аман қалды. Оның ішімдік ішкені де белгілі болып отыр. Дегенмен, 1988 жылы туған жігіттің мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button