
«Ажал арбасы»
Атыраудың жазғы күні қапырық. Қала шетіндегі жұрт «Телемұнара» деп атайтын аумақтағы айыппұл тұрағын бетке алып келеміз. Жолбасшымыз – облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының взвод командирі, капитан Қуаныш Жанбауылов.
Міне, айыппұл тұрағының қақпасы да көрінді. Ауласында қатар-қатар тізілген мопед, арасында бірлі-жарым антиквариат мотоцикл тұр. Құдды қара темірдің қорымы ма дерсің… Бірақ бұл көрініс жауапсыздықтың соңғы аялдамасы іспетті көрінді.

– Бұрын мұнда тек бір айыппұл тұрағы болатын. Қазір бөлек екінші айыппұл тұрағы бар. Біріншісінде жол апатына түскен көліктер қойылса, екіншісіне мотокөліктер әкелінеді, — деп түсіндірді Қуаныш Жанбауылов.
Нысанға кіруге рұқсат берген күзетші Руслан Жолдасқалиев кейбірінің бұл жерде көптен бері қаңтарылып тұрғанын айтады. Расында, бірқатар техниканың рөлі мен айнасы қалың шаң. Дөңгелектері жел жіберіп қойған.
– Көлігін алып кететін адамның қолында жеке куәлігі мен әкімшілік полициядан алынған рұқсат қағазы болуы керек. Күніне 15 мопед кірсе, соның 10-ы ғана шығады. Қалғаны авариялық жағдай немесе жол-көлік оқиғасынан кейін бірнеше күн тұрады, — деді күзетші Руслан айналасына көз жүгіртіп.
Аулаға енген сәттен бастап фототілші Ерлан Алтыбаев бір кезде қала көшелерінде жүйткіген мопедтерді нысанасына алып, суретке түсіре бастады. «Ат сүрінбес жер болмайды» дейді қазақ, бірақ мына жағдай «сүрінудің» емес, сақтанбаудың салдары емес пе?! Бір-біріне иық тірестіріп, тығыз қойылған мопедтер тізбегі. Шамамен бес жүзден асады. Бір сәт «бәрі тіркелмеген шығар» деп ойлаппыз. Бірақ капитан Қуаныш Жанбауылов бұл ойымызды түзетті.
–Кейбіреулері тіркелген. Арасында техникалық байқаудан өтпеген, сақтандыру полисі жоқтары да бар, — деді ол.
Капитан планшетін қолына алып, соңғы тіркелген деректерді көрсетті. Оның айтуынша, биылғы 5 сәуірде жаңа заң күшіне енгеннен бері облыста 692 құқық бұзушылық тіркелген. 500-ден астам мопед осы айыппұл тұрағына жеткізіліпті.
–Жыл басынан бері мопедтің қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 1 адам көз жұмып, 35-і жарақат алды. Бұл тұраққа кейбір кезде бір күннің өзінде 20 мопед алып келеміз. Әсіресе жасөспірім тізгіндеген көлік алаңдаушылық тудырады. Ата-анасы баласына мопед сатып әперіп, кейін оны қадағаламайды. Ал оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады, — деп түсіндірді жолбасшы.
Қуаныш Жанбауыловпен әңгімелесіп тұрғанымызда аулаға екі адам кірді. Қала тұрғыны Алексей Полев әкесімен бірге мопедін алып кетуге келген екен. Қолында айыппұлын төлегенін растайтын түбіртек бар.
–Жасым 19-да. Мопедті жуырда алғанбыз. Тіркеуден өттік, бірақ техникалық байқаудан өткізуге және полис жасауға үлгермедік. Кеше полиция тоқтатып, көлігімді осында алып келіп қойды. Бүгін 9800 теңге айыппұл төлеп, алып кеткелі келдік. Барлық жүргізушілерге кеңесім, құжаттарыңызды реттемей жолға шықпаңыздар, — деп өзіне сабақ болған жағдайдан түйген ойымен бөлісті.
Қуаныш Жанбауыловтың дерегіне қарағанда, былтыр мопед пен скутер тізгіндеген жүргізушілер 147 жол-көлік оқиғасына ұшыраған.
– Мопедті жүргізу үшін бірнеше талапты орындау қажет. Бұл талаптар мопедті механикалық көлік құралы ретінде заң жүзінде реттеу мақсатында енгізілді, — деп нақтылады ол.
Заң талабы –
бәріне ортақ
Иә, биылғы 5 сәуірден бастап «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгені белгілі. Содан бері мопед жүргізушілері толыққанды жол қозғалысына қатысушылар болып саналады.
– Бұл жай ескерту емес, нақты талап. Мопедті ХҚКО-да тіркеу және мемлекеттік нөмір алу, A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін алу, міндетті сақтандыру полисін рәсімдеу, техникалық байқаудан өту талап етіледі. Көбінесе мопедпен жасөспірімдер мен курьерлер жүреді. Заң аясында шаралар қабылдап жатырмыз. Барлық мопедтер тіркелуі тиіс. Содан кейін мемлекеттік нөмір беріледі. Мопедті жүргізу үшін жүргізуші куәлігі болуы шарт, — деді капитан Қуаныш Жанбауылов.
Оның айтуынша, жаңа талап күшіне енсе де, кейбір жүргізушілер әлі де ескі әдетпен, құжатсыз жолға шығып жүр. Облыста 700-ге жуық мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы уақыт ішінде 1153 мопед ресми тіркелген.
Көп ұзамай аулаға мопед мінген полиция қызметкері кіріп келе жатты. Аға сержант Аманбек Өмірзақ жаңа ғана техникалық байқаудан өтпеген техниканы ұстап әкелген екен. «Қауіпсіздік талаптары – адам өмірінің кепілі. Темірді жөндеуге болады, ал адамды қайтара алмайсың» деп қысқа қайырды ол.
Қара жолда қатер бар
Капитан Қуаныш Жанбауылов биылғы қайғылы жағдайларды еске алды. Қаңтарда облыс орталығында 16 жастағы жасөспірім «Toyota Hiace» көлігімен соқтығысып, түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Ал шілдеде Құлсарыда қоғамдық көлік пен мопед қақтығысып, жасөспірім бала қаза тапты. Жуырда ғана қала көшесінде мопед пен «Газель» соқтығысты. Оқиғаның мән-жайы тексерілуде.
–Жолдағы қауіпсіздік тек полицияның емес, әр жүргізушінің мойнындағы міндет. Айыппұл тұрағындағы мына мопедтің әрқайсысы бір оқиғаны, бір қателікті, бір өкінішті ішіне бүгіп тұр. Сақтану қиын емес: құжатыңды рәсімде, ережені сақта, жылдамдықты асырма. Жаңа талап күшіне енгеніне қарамастан, кейбір жүргізушілер әлі де ескіше әрекет етуде. Ал заң бәріне ортақ қой, — деді полиция департаменті патрульдік полиция батальонының взвод командирі, капитан Қуаныш Жанбауылов.
Капитанның айтуынша, «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер мопед иелерін толыққанды жол қозғалысының қатысушысы ретінде қарастырады. Енді мопедті арнайы ХҚКО-да тіркеу, мемлекеттік нөмір алу, A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін рәсімдеу, міндетті сақтандыру полисін алу – бәрі міндет.
– Жыл басынан бері облыста 172 жүргізуші тіркелмеген мопед жүргізген, 267-і жүргізуші куәлігінсіз жолға шыққан. 52-сінде сақтандыру полисі жоқ, 36-сы техникалық байқаудан өтпеген, — деген ол нақты статистиканы алға тартты.
Тәртіп сақшылары ата-аналарға қатаң ескерту жасады: кәмелетке толмағандарға қорғаныш құралдарынсыз және тиісті жүргізуші құжатынсыз жолға шығуға тыйым салынады.
Иә, қара жолда қауіп көп. «Сақтықта – қорлық жоқ» дейді халық. Айыппұл тұрағындағы қаңтарылған мопедтер осы сөзге дәлел емес пе? Бәлкім, осы айыппұл тұрағындағы сұрықсыз көріністі фотодан көрген жан ертең мопед тізгінін ұстарда екі мәрте ойланар…
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ