
Азат елдің Ата Заңы
Тарих атты ұлы көште ұлттың өзін-өзі тануы мен қалыптасуында маңызды бетбұрыстар болады. Қазақстан үшін сондай тағдырлы сәттің бірі – 1995 жылдың 30 тамызы. Бұл күні бүкілхалықтық референдум арқылы Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Биыл осы тарихи құжатқа 30 жыл толып отыр.
Бұл елдік пен егемендіктің, тұрақтылық пен татулықтың темірқазығына айналған құжат болды. Конституция – мемлекетіміздің берік іргетасы, құқықтық жүйеміздің өзегі, әрбір азаматтың ар-намысы мен құқығын қорғаушы басты заң.

Тарихи бастау мен басты идея
Иә, 1995 жылы қабылданған Конституция ел өмірінің жаңа кезеңін бастап берді. Ол елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады. Оның алғашқы бабында-ақ: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын көрсетілген. Бұл мемлекет саясатының өзегінде адам тағдыры мен игілігі тұратынын дәлелдейтін тұғырлы қағида.
Ата Заң қабылданғаннан кейін тәуелсіз елімізде түбегейлі реформалар жүзеге асырыла бастады. Соның ішінде сот жүйесінің құрылымы мен қызметінде де елеулі өзгерістер болды. Заңның үстемдігі, соттардың тәуелсіздігі, әділдік пен адам құқықтарын қорғау қағидаттары құқықтық мемлекеттің негізін қалады. Конституция барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің қайнар көзіне айналды.
Атап айтқанда, «Жалпы ережелер» бөлімінде мемлекеттіліктің негізі мен билік тармақтарының бөлінуі айқындалса, «Адам және азамат» тарауында адам өмірі, ар-намысы мен қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылық ретінде танылды. Ал «Президент», «Парламент», «Үкімет» бөлімдерінде мемлекеттік биліктің жоғары органдарының мәртебесі мен өкілеттігі нақтыланды.
Тұрақтылық пен дамудың тұғыры
Бүгінде осы құжатқа сүйене отырып, еліміз талай сын-қатерлерден сүрінбей өтті. Ішкі саяси тұрақтылық сақталып, халықаралық аренада беделіміз биіктеді. Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, конфессияаралық келісім мен бірлік үлгісін танытып отыр. Бұл Конституцияның қағидаттарына негізделген ұлттық саясаттың жемісі екені белгілі.
Отыз жылда Конституция бірнеше мәрте жаңартылып, қоғамның сұранысына сай реформалармен толықты. Соңғы жылдардағы конституциялық өзгерістер ел дамуындағы жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті. Соның бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы өткізілген бүкілхалықтық референдум. Бұл реформа арқылы Конституцияның 33 бабына түзетулер енгізіліп, Ата Заң заман талабына сай жаңарды.
Атап айтқанда:
√ Президенттің саяси партияда болуына тыйым салынды;
√ Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылды;
√ Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге шектеу қойылды;
√ Азаматтар Конституциялық сотқа тікелей шағым түсіру құқығына ие болды;
√ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі конституциялық деңгейге көтерілді;
√ Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп танылды;
√ Парламент пен мәслихаттарға аралас сайлау жүйесі енгізілді.
Бұл өзгерістер елдегі демократиялық институттардың нығаюына, билік тармақтары арасындағы теңгерім мен тиімділікке бастайтын маңызды қадамдар болды.
Сот жүйесі – заң үстемдігінің кепілі
Сот жүйесі – Конституцияда бекітілген құқықтық мемлекеттің ажырамас тармағы. Оның негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Сот билігінің тәуелсіздігі мен әділдігі, шешімдерінің заңмен негізделуі негізгі заңда нақты көрсетілген.
2021 жылдан бастап әкімшілік әділет жүйесі енгізіліп, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің жаңа үлгісі қалыптасты. Қазірдің өзінде әкімшілік істердің басым бөлігі азаматтар пайдасына шешілуде. Бұл – елдің сотқа сенім артқандығының айғағы болса керек.
Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар жұмысын бастады. Жаңа соттар «үздіксіз кассация» қағидаты бойынша жұмыс істейді, яғни алдын ала сүзгіден өткізбей-ақ сот алқасында бірден қаралады. Бұл – әділеттілікке қолжетімділікті арттыру бағытындағы нақты қадам.
Өркениетті елдің ұстанымы
Қазақстан өлім жазасынан заң жүзінде де, іс жүзінде де толық бас тартқан елдердің қатарында. 2004 жылдан бастап бұл жазаға мораторий жарияланған болатын. 2021 жылы Президент Қылмыстық кодекстен өлім жазасын алып тастау туралы заңға қол қойды. Ал 2022 жылғы конституциялық өзгерістер аясында Ата Заңнан да өлім жазасына қатысты нормалар мүлдем алынып тасталды. Бұл – еліміздің гуманизм мен адам құқығын құрметтеу жолындағы батыл әрі өркениетті шешімі.
Қоғам мен адамның арасындағы алтын көпір
Ата Заңымыз әрбір адамның өмір сүруіне, сенім мен ар-ождан бостандығына, дінін ұстануына, еркін көзқарас білдіруіне толық кепілдік береді. Оның әр тарауы мен бабы – адам мен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін құқықтық тұғыр. Сондықтан Конституция – тек заңдар жинағы емес, бұл – ұлттың өмір сүру философиясы.
Мемлекет басшысының: «Негізгі заң – қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттар жиынтығы. Конституцияның арқасында заң үстемдігі мен тәртіп қамтамасыз етіліп, ауқымды өзгерістер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әр азамат өз үлесін қосып келеді» деген сөзі – Ата Заңның ел дамуындағы айрықша маңызын айқындап отыр.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы жариялаған рақымшылық актісі – гуманизм мен құқықтық мемлекеттіліктің тағы бір айқын көрінісі. Заңға сәйкес 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалып, 4 мыңнан астамы бостандыққа шығады. Бұл шалыс басқандарға жаңа өмірге бастар мүмкіндік деуге болады.
Ата Заң – елдігіміздің негізі, тұрақтылық пен даму кепілі. Сондай-ақ өткеніміздің тағылымы мен келешегіміздің кемел жолын айқындайтын құндылық. Әрбір адам Конституцияны құрметтеп, заңға бағынуды азаматтық борышы деп ұғынуы тиіс. Себебі, әділдік пен тәртіп үстемдік құрған елде ғана халықтың ертеңге деген сенімі нық болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен барша отандастарымды шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің көк байрағы асқақ желбіреп, бейбіт өмір мен береке-бірлік баянды болғай!
Мұхтар ПАРМЕНОВ,
Атырау облыстық сотының төрағасы