Атыраулық полицейлерге оқырмандар алғысын жаудырды (ВИДЕО+)
Атыраулық полицейлердің сын сағатта көрсеткен ерлігіне сүйсінген оқырмандар әлеуметтік желіде ризашылықтарын білдірді, деп хабарлайды atr.kz
Көпшілігі “жарайсыңдар, нағыз жігіттер”, “ міне, ерлік”, “кім не десе о десін, осындай ерлік іске барған өз ісінің мамандарына медаль беру керек”, “ жігіттер қандай марапатқа да лайық” деп жазды.
Еске салайық, кеше, 12 желтоқсан күні 22:20 шамасында 102 операторына Атырау мөлтек ауданында орналасқан көпірден белгісіз адамның секіріп кеткенін хабарлаған. Хабарлама бойынша оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Исатай Тұрсынғалиев және полиция сержанты Ғалым Қалбаев су үстіне жарықшам жағу арқылы шолып, батып бара жатқан қыз баланы байқаған.
Уақыттың тығыздығын сезген тәртіп сақшылары құтқаруға кіріскен. Көліктен арқан жіпті алып беліне байлап, полиция сержанты Ғалым Қалбаев қыз балаға қарай бағыт алып жүзген. Арқанның екінші шетін ұстаған полиция аға лейтенанты Исатай Тұрсынғалиев көмекке келген әріптестері полиция аға лейтенанты Махамбет Қабасов пен полиция лейтенанты Құралбек Қалмағанбетовке арқанды ұстатып Ғалым Қалбаевтың артынан сақтандыру мақсатында жүзе бастаған. Себебі аязды күні суық суда жүзу, өзен ағымымен алға сүйреген ағыстың ығына берілмей жағаға жету күш-жігерді талап етеді. Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут шамасында жаға алып шықты. Ес-түссіз жатқан қыз баланың жасөспірім екенін бірден білдік дейді, жағаға шығарып бірден жасанды тыныстандыру жаттығуларын жасауға кіріскен полицейлер. Тіршілік белгілері болғанымен жасөспірім денесі қатты салқыннан әлсіреп қалғанын сезген олар, жедел-жәрдемді бірден жақын маңдағы №5 емханаға шақыруға шешім қабылдап, қызметтік көлікпен өздері де сонда жол тартқан.
Дәрігерлер 2007 ж.т., жасөспірімге дереу көмек көрсетуді бастап кетті. Аязды күні аянбай салқын суға жүзіп жасөспірімді ажалдан арашалаған тәртіп сақшыларының да денсаулығын тексеріп, қажетті көмектерін көрсетті.