
Атыраулық 74 жастағы таксист әже: “Жолдағы жауапкершілік — басты ұстаным”
Атырау облысындағы Мақат-Доссор тасжолымен жүретін жолаушылар бұл жүргізушіні жақсы таниды. Ол – 74 жастағы таксист Сәуле Мұсаева. Жол қозғалысының қағидаларын бұлжытпай орындайтын тәжірибелі жүргізуші жасы келсе де, рөлді сенімді ұстап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сәуле әжей көлік жүргізу саласында 30 жылдан астам уақытын өткізсе, оның 22 жылын такси қызметіне арнаған. Ол үшін көлік жүргізу – тек рөлді ұстап, газды басу ғана емес, бұл қызмет — үлкен жауапкершілік.

– Көп жүргізуші асығыстық жасап, ережені елемейді. Бірақ жолда әр секунд маңызды. Бір сәттік қателік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан мен әрдайым тәртіпті сақтап, өзгелерге де үлгі болуға тырысамын, – дейді ол.
Сәуле Мұсаева Алматы техникалық институтында инженер-технолог мамандығын меңгеріп, түрлі салада қызмет еткен. Ол еңбек жолында инженер, экономист, фабрика директоры сынды жауапты қызметтерді атқарып, зейнетке шыққан соң көлік жүргізу мектебінде сабақ беріп, жас жүргізушілерді тәртіпке баулыған.
– Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің мойнындағы міндет. Біз жол ережесін сақтау арқылы өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейде көлік тізгіндегендер телефонға алаңдап, жылдамдықты асырып, өзгенің өміріне қауіп төндіреді. Ал мен үшін бірінші кезекте – сақтық, – дейді тәжірибелі таксист.
Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де оның мұқияттылығын жоғары бағалайды.
– Сәуле Мұсаева – ауданымыздың ең үлгілі жүргізушілерінің бірі. Жол қозғалысының барлық талаптарын бұлжытпай орындайды. Жергілікті тұрғындар оны адалдығы мен сабырлы мінезі үшін ерекше құрметтейді. Осындай тәжірибелі жүргізушілер жастарға үлгі болуы тиіс. Көктем мерекесі қарсаңында біз Сәуле апамызға алғысымызды білдіріп, оны құттықтауды жөн көрдік, – дейді Мақат аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Сайфолла Қапанов.
Полицейлер ардагер жүргізушіге жолдағы ұқыптылығы үшін алғыс айтып, алдағы көктемнің мерекелері қарсаңында гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыстап, жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын тағы бір еске салды.
Осылайша көлігін сенімді түрде аса сақтықпен тізгіндей білген Сәуле Мұсаеваның тәртіпке негізделген тәжірибесі – барша жүргізушіге сабақ. «Жолда абай болу өзіңді ғана емес, өзгелерді де қорғау» деген қағиданы берік ұстанған кейіпкеріміздің бұл қасиеті көпшілікке үлгі өнеге.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ