
Атырауда жыл соңына дейін 600-ге жуық азамат әскерке аттанбақ
Атырауда 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Биыл өңір бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы екі мыңға жуық жас әскерге шақырылады. Оның ішінде 600-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге аттанады, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Азаматтардың бір бөлігі Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштері мен Ұлттық ұлан қатарына қосылады. Әскерге шақырылушылар алдын ала медициналық тексерістен өтеді. Олар невролог, хирург, терапевт, психиатр, тіс, көз және тері дәрігерлерінің қарауынан, сондай-ақ әскери психологтың сынағынан өткен соң ғана әскерге жарамды деп танылады, — деді Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Эльдар Шынғалиев.
Әскерге барудан негізсіз жалтарған азаматтарға заң бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекске сәйкес, мұндай жағдайда айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа тарту немесе бас бостандығынан айыру шаралары қолданылады.
Соңғы жылдары жастардың әскерге деген қызығушылығы артып келеді. Бұған «Сарбаз 2.0» жобасы аясында мерзімді әскери қызметтен өткендерге жоғары оқу орнына емтихансыз түсу мүмкіндігі, әскери қызмет кезінде және кейін үш айға дейін несиелік төлемдердің кейінге шегерілуі, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу мүмкіндігі ықпал етуде.