Атырауда жемқорлық фактісі бойынша 500-ге жуық арыз-шағым түскен

whatsapp image 2021 11 18 at 14.52.07 Құқық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт жемқорлықты жою үшін заңнамалық шаралар кезең-кезеңімен қабылданып отырғанын айтты.

– Қазір өңірдегі сыбайлас жемқорлық қылмысы 36 пайызға дейін төмендеді. Мәселен, былтырғы 10 айда 92 қылмыс әшкереленсе, биыл сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың 59 дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта санкциялар өте қатал. Аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін ең жоғарғы жаза – 15 жыл, – деді спикер.

Жыл басынан бері 42 адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін сотталған. Таяуда шенеуніктерге байланысты сот үкімі шықты.  Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының және облыстық білім беру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарларына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Атап өтерлігі, үкім сотталушы еңбек еткен ұжымның онлайн қатысуымен жарияланды. Мұндай жаңа тәсіл бойынша Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының экс-директорына да қолданылды.

Сондай-ақ жегіқұртқа қарсы тұру мәдениетін қалыптастырудың, түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Бұл бағытта «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлескен шаралар шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың жемқорлыққа қарсы теріс пікірін қалыптастыру мақсатында орасан істер атқарылды.

Он айдың ішінде департаментке 500-ге жуық арыз-шағым түсті. Ал, сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған  16 қоңырау «1424» CaII-орталығында тіркелген. Мұндай адамдарға ынталандыру мақсатында ақшалай сыйақы төленеді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз