Атырауда тұрғындар арасында республикалық «Ашық есік күні» акциясы өтті
Іс-шара барысында қоғамдық қабылдау өткізіліп, отбасы, неке, әкімшілік, мүлік, жер, сот актісінің орындалуы, жеке сот орындаушыларында жатқан істер және басқа да мәселелер бойынша әрбір келген азаматтарға тегін кеңес берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиация кабинеті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Экономика және құқық факультетінің Медиация орталығымен бірлесе ұйымдастырып отыр. Акцияға заң ғылымдарының магистрлері, Халықаралық медиация орталығы республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облысы бойынша өкілдік директоры, кәсіби медиатор, ҚХА этномедиация кеңесінің мүшесі Гүлбаршын Марданқызы және заңгерлер Болат Өтеғалиұлы, Ғалымжан Ризуанұлы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» Атырау облысы филиалының басшысы Рысты Ерсейтқызы қатысты.
— Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, өңірдегі жоғары оқу орындарының бірінде республикалық ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Қазіргі таңда бізде медиация кабинеті бар. Осы кабинетте бір жылдың үстінде бірқатар іс-шараларды өткізіп келеміз. Биылдан бастап этномедиация орталығы ашылады. Бүгін сол орталықтың алғашқы акциясын өткізіп отырмыз. Бұған білікті заңгер, кәсіби медиатор мамандарды шақырдық. Оның негізгі мақсаты – этносаралық шиеленістерді, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау. Бұл бізде үлкен шара деп есептеймін. Себебі мұнда жергілікті тұрғындарымыз өзекті мәселелерін айтып, көкейіндегі сұрақтарын қойып жатыр. Алдағы уақытта осы мазмұндас шараларды жиі өткізіп тұруға тырысамыз, — деді Атырау облысы ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісім мемлекеттің мекемесінің бас сарапшысы Кенжегүл Мусағалиева.