Атырауда тасжолға жақын қыстақтарға жарыққа шағылысатын бау таратылды
Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ірі-қара малға жарыққа шағылысатын баулар тағу жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шара Атырау облысы полиция департаментінің бастамасымен және «NCOC» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары автокөлік жолының Мақат ауданындағы мал шаруашылығы қожалықтарына арнайы барған мамандар қыстақ иелеріне арнайы табыстады. Ірі-қара малдың мойындарына 300 жарық шағылысатын бау тағылды. Бұл баулар жолда түнгі уақытта көлік жүргізушілеріне малдың барын алдын ала байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мамандар тарапынан шаруашылық иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты — малдың жолға шығуының алдын-алу және жол-көлік оқиғаларының санын төмендету.