
Атырауда тәртіп сақшылары сапқа тұрды
Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаевтың қатысуымен гарнизондық саптық жиын өтті. Іс-шараға облыстық департаменттің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, мамандандырылған күзет басқармасы және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.

Саптық жиын барысында генерал-майор тәртіп сақшыларына қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер жүктеді.
– Республикалық жедел профилактикалық іс-шаралары аясында жеке құрам тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерде, жалпы, тұтастай аудан аумағында құқық бұзушылықты болдырмау және жолын кесу мақсатында тиісті жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түнгі рейдтер, жаяу патрульдеу және профилактикалық жұмыстар арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті бақылауда. Біз үшін әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігі маңызды, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Н.Оразбаев.

Оның айтуынша, полицияның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып, азаматтардың тыныштығы мен амандығын қамтамасыз ету.
Айта кетейік, қазір облыста «Жасөспірім» және «Қауіпсіз жол» атты жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аталған шаралар кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Мақсат ЖӘЙКЕС,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің IV курс студенті