Атырауда Ресейден әкелінген көлік құжатының 3 көлікке тиесілі екендігі анықталды
Атырау облысы аумағында 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның алғашқы күнінде сағат 17:00 шамасында Ақтау-Атырау тасжолында патрульдік полициясы қызметкерлері жылдамдықты асырғаны үшін маркасы «Toyota Ipsum» Ресей автокөлігін тоқтатып әкімшілік хаттама толтырды. Содан автокөліктің құжаттарын тексерген кезде автокөліктің тіркеу белгісімен маркасы сәйкес келмейтіні анықталған.
Яғни, аталған мемлекеттік белгі маркасы «Nissan Fuga» және маркасы «Маз» автокөліктеріне тіркелгені анықталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қоғалды — деді, Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Берік Амангелді.
Сондай-ақ, облыс аумағында Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам Ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал Қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды.
Атырау облысы Полиция департаменті шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертеді және шетел автокөліктерін сатып алар алдында Әкімшілік полиция немесе Жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп тексеріп алуға мүмкіндік бар екенін хабарлаймыз.
Шетелдік нөмір таққанымен ешқайда тіркелмеген автокөліктерді анықтап, заңды шарасын қабылдау мақсатында жұмыстар жалғастырылуда — деді, Берік Амангелді.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 10 айында облыс көлемінде өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркеліп,салдарынан 17 адам қаза болып, 75 адам дене жарақаттарын алған.
2021 жылдың 10 айында шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4096 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған. Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктерде аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады.