Жарнама
Құқық

Атырауда қызды көлікке күштеп отырғызған жігіт жазаланды

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында белгіленген заңдылықтар бойынша құқық бұзушы Е.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

2025 жылғы 18 ақпанда Е. күш қолданып, өзінің танысы К.-ны көлікке отырғызып, осылайша жеке тұлғаға тиісу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекет жасаған.

Сотпен анықталғандай, Е. өзінің танысы К.-ны оның келісімімен өзінің автөкөлігіне отырғызып, жолда екеуінің арасында жанжал туындап, нәтижесінде К. әрі қарай барудан бас тартып, көліктен шығып кеткен. Алайда, Е. бұзақылық ниетпен, айналасындағыларға құрметпен қарамай және қоғамдық тәртіпті бұзып, К.-ның еркінен тыс, қарсылығына қарамастан, оған тиісіп, күшпен оны қайтадан көлікке отырғызып, үйіне дейін жеткізіп, ұсақ бұзақылық жасаған.

Жәбірленуші К. өз түсініктемесінде Е. оны үйіне дейін жеткізгенін, оған ешқандай талабы жоқ екенін көрсетті. Е.-нің кінәсі өзінің мойындау жауабымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, баянатпен, сауал қою хаттамасымен дәлелденді.

ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген. Кінәсін мойындап, әрекетіне өкінуі – құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот қаулысымен құқық бұзушы Е. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button