Атырауда қаржы пирамидаларының 355 интернет сілтемесі бұғатталды
Биыл өңірдің өкілетті қызметтері алаяқтардың 59 сілтемесін анықтаған. Ал былтыр осындай сипаттағы 296 сайт бұғатталған, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мамандар қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында көрсетілген күмәнді сілтемелерге талдау жасап, былтырдан бері 355 сайтты бұғаттаған. Қазір IT құралдары арқылы әлеуметтік желілерді бақылау жұмыстары жалғасуда.
–Қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің қатары көбейіп келеді. Оған басты себеп – қаржы сауатының төмендігі. Әйтсе де, осыған қатысты жүргізілген қылмыстық істер былтырмен салыстырғанда азайған, — деді экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов.
Айта кету керек, біреу сізге күмәнді ұсыныс жасаса, оны дереу құқық қорғау органдары немесе республика қаржылық мониторинг агенттігінің «Байқа пирамида» телеграмм боты арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ, қаржылық мониторинг агенттігінің 14-58 сall орталығы жұмыс істеп тұр.
Қаржы пирамидасын құрған адамға қылмыстық жауапкершілік көзделген және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қаралады.
Сурет: egemen.kz