Жарнама
Құқық

Атырауда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

«Жаман әдет жұқпалы, жақсы әдет жұртқа үлгі» дейді дана халқымыз. Ал бүгінгі қоғамда жұртты ғана емес, ұрпақты улап, ұлттың болашағына балта шабатын ең қауіпті дерттің бірі – нашақорлық екені даусыз.

Атырау облысында осы өзекті мәселеге қарсы бағытталған бір айлық ауқымды шаралар бастау алды. Айлық аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, зиянды заттардың салдарын түсіндіру, есірткі қылмыстарымен күресті күшейту секілді жүйелі жұмыстар қолға алынды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында психиатр-нарколог Темір Есенгелдин мен облыстық полиция департаментінің жедел уәкілі Қуандық Салешов мәлімдеді.

– Нашақорлық – бұл жеке адамның ғана емес, бүтін ұлттың келешегіне төнген қауіп. Бұл дертке қарсы тек медицина емес, бүкіл қоғам жұмыла күресуі тиіс. Айлықтың негізгі мақсаты – жазалау емес, алдын алу, ақпараттандыру және тәуелділікке тап болғандарды өмірге қайта бейімдеу, — деді Темір Әбілхайырұлы.

Жыл басынан бері облыста психобелсенді заттарды қолданған 2 500-ден астам адам тіркеуге алынған. Оның ішінде 1 974 адам – алкогольге, 529 адам – есірткіге тәуелді.
Есепке алынғандардың 116-сы – апиын, 275-і – каннабиноидтар, 7-еуі – ұшпа ерітінділер тұтынған. Сонымен қатар 117 адам әртүрлі есірткі түрлерін араластырып қолданса, 13 адам – синтетикалық есірткіге тәуелді. Седативті және ұйықтататын дәрілерге құмартқандар да кездескен.
Бұл тізімде әйелдердің де үлесі бар көрінеді. Облыста нашақорлықпен есепте тұрған 27 әйел және алкогольге тәуелді 277 әйел тіркелген.
Наркологиялық орталықтарда 400-ден астам адамға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілген.
Облыстық полиция департаменті де есірткі қылмыстарына қарсы нақты шаралар қабылдауда.

– Жыл басынан бері 60-қа жуық есірткіге қатысты қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 30 келіге жуық есірткі тәркіленді. Интернеттегі есірткі жарнамасына тосқауыл қою бағытында да кешенді шаралар атқарылып жатыр. Әсіресе, жастар мен мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілуде, — деді Қуандық Салешов.

Жастар – ел ертеңі. Ал сол ертеңімізге есірткі көлеңкесін түсірсе, ұлттың кемел келешегі туралы қалай айта аламыз?
Нашақорлық – тек жеке адамның тағдыры емес, жақындарының жанын жаралайтын, бүтін қоғамға қауіп төндіретін дерт. Сондықтан бұл күресте тек құқық қорғаушылар мен дәрігерлер емес, әр отбасы, әр адам белсенділік танытуы қажет.
Иә, «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» демекші, әр ата-ана баласының кіммен араласатынын, немен айналысатынын үнемі назарда ұстағаны абзал. Жастарға жай ғана «болмайды» деу жеткіліксіз, оларға не үшін болмайтынын түсіндіру – бүгінгі күннің басты талабы.
Бір айлық шара – уақытша науқан емес, үлкен күрестің бір бөлігі ғана. Бұл жолда ақпараттық жұмыс пен шынайы жанашырлық қатар жүруі тиіс.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button