Атырауда 70-ке жуық жасөспірім түнде не істеп жүр?
«Каникул» іс-шарасы: 3 күн ішінде түнгі мезгілде ата-ана қарауынсыз жүрген 70-ке жуық жасөспірім анықталды.
Балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, балалар еңбегін пайдалану, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, сондай-ақ олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 26 мамыр- 2 маусым аралығында Атырау қаласы аумағында
“Каникул”жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара басталған 3 күннің ішінде ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 70-ке жуық жасөспірімді анықтап, олардың ата-аналарын ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Одан басқа, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік iшкен күйде жүрген 1 жасөспірім, ұсақ бұзақылық жасаған 1 жасөспірім мен кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 3
ата-ана анықталды.
Мәселен, 26 мамыр күні Авангард мөлтек ауданында орналасқан супермаркеттердің бірінде 3 жасөспірім бала ұсақ-түйек заттарды жасырын түрде ұрлап, сөмкелеріне салып алып бара жатқан кезінен ұсталып, полиция қызметкерлері шақырылған.
Аталған жасөспірімдердің ата-аналары жасөспірім балаларының тәрбиесімен айналыспағаны үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының 1 бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.