Атырауда 3000-нан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды
Құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын нығайту, көшелер мен басқа қоғамдық орындарда тиісті тәртіпті қолдау мақсатында 20-30 маусым аралығында Атырау облысының аумағында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара кезінде 3176 құқық бұзушылық дерегі анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, анықталған құқық бұзушылық деректердің басым бөлігін ортақ пайдаланатын орындарды ластау, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер құрайды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаудың 26 дерегі тіркелді. Республика заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу бойынша 13 құқық бұзушылық орын алды.
Сонымен қатар 20 ұсақ бұзақылық, 167 азаматтардың тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру, көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiне орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу секілді деректер бар.
Осы ретте атыраулық полицейлер тұрғындарға жол кемшіліктерін болдырмауды және жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА