Атырауда 300-ден астам жол көлік оқиғасы тіркелді
Атырау қаласында жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай артқан. Осы уақыт аралығында 300-ден астам осындай дерек тіркеліп, салдарынан 24 адам көз жұмған. Көптеген оқиғада көлік құралдарына материалдық шығын келсе, кейбір жағдайлар адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуде. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері белсенді азаматтармен бірлесіп, қала аумағында жол-көлік оқиғаларының көп орын алуына байланысты жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, жол қауіпсіздігін қадағалау, ереже бұзғандарды анықтау мақсатында күнделікті профилактикалық жұмыстарын жүргізуде.
–Бүгінде қалада жол көлік оқиғаларының жиілегені рас. Соның ішінде күрделі мәселелердің біріне айналған – мопед, электро-самокат сынды жеңіл көлік кұралдарының көбеюі, яғни жасөспірімдер аталған техникаларды басқарып, жол қозғалысы ережесін жетік білмеуінен оқыс оқиғаларға ұшырауда. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, қозғалыс қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажеттігін қатаң ескертеміз, — деді Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ