Атырауда 160 мың борышкердің 1 миллиард теңгеден астам қарызы бар
Атырау қаласында алимент төлемеген және мемлекетке қарызы бар борышкерлердің автокөліктері анықталған жағдайда бұл техникалар бағаланып, қарыздарын өтеу үшін сауда-саттыққа шығарылуы мүмкін. Осы мақсатта 7-17 тамыз аралығында рейдтік іс-шаралар өтеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараның биылғы ерекшелігі туралы облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүланда Қыстаубаева айтып берді.
–Аталған рейдттің мақсаты – атқарушылық құжаттардың мәжбүрлеп орындалуын жүзеге асыру. Алимент төлемдері бойынша жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіру, олардың мекенжайын анықтау, борышкердің мүліктерін анықтап, арнайы айыппұл тұрағына қою бойынша шаралар жүргізілуде. Қазір 9600 алимент орындалуда. Әкімшілік айыппұлды өндіру туралы жалпы орындауда 14 мың құжат бар, оның 12 мыңы полиция департаментінің қаулылары. Рейдтің 1 күнінде 7 автокөлік арнаулы тұраққа қойылып, олардың иелерінің қарыздарының 3 миллион теңгеден астам екені анықталды, — дейді Гүланда Орынбасарқызы.
Айта кету керек, аталған іс-шара облыстық әділет департаменті, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және облыстық полиция департаменті, облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен түрде ұйымдастырылуда.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ