
Атырауда 100 мектеп SOS батырмасы және «Сергек» камераларымен қамтылған
Биыл Атырауда SOS дабыл батырмасымен жабдықталған мектептердің саны 100-ге жетті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оқушылар төтенше жағдайға тап болған кезде түймені басып, бірден полиция департаментінің жедел басқару орталығына шыға алады. Мұндай жүйе оқыс жайттардың алдын алуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
-Мектепте SOS батырмасы басылған кезде біз дереу сол білім ошағына ювеналдық полиция қызметкерін, учаскелік полиция инспекторын, жақын маңдағы жол-патрульдік полиция қызметкерін жіберіп, түйменің не себепті басылғанын анықтаймыз, — деді жедел басқару орталығының аға инспекторы Назира Молдашева.
Сондай-ақ қала аумағындағы 2750-ге жуық «Сергек» бейнебақылау камерасының 100-і мектептерге орнатылған. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта SOS дабыл нүктелерінің санын көбейтуді жоспарлап отыр.