
Атырауда 100 адам құқықтық сауаттылықтарын интеллектуалды ойын арқылы шыңдады
Атырау қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. «Заң және тәртіп» тақырыбын қамтыған шара Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының бастамасымен өтті.
Ойынға облыстың түрлі аудандарынан іріктелген жастар қатысты. Бұған дейін мұндай форматтағы сайыстар өңірдің аудандарында өткізіліп келген болса, бұл жолы қалада өткен турнирге үздік командалар жиналды.

Шара алты турдан тұрды. Қатысушыларға құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, жастардың құқықтары, интернет қауіпсіздігі және қоғамдағы құқықтық тәртіпке қатысты сұрақтар қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ойындар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, бос уақытын тиімді өткізуге де мүмкіндік береді.
«Бұл шара жастардың білімін арттырып, ой-өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Ойын барысында олар тек білімін сынап қана қоймай, пікір алмасып, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік алады. Алдағы уақытта белсенді және тұрақты қатысатын командалар қалыптасады деген сенімдеміз», – деді «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының директоры Абылай Құрметұлы.

Интеллектуалды дода қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынды Freedom командасы жеңіп алып, 150 000 теңге иеленсе, екінші орынды Юсуфтың аркадашлары командасы иемденіп, 100 000 теңге алды. Үшінші орынды МиLAN командасы еншілеп, 50 000 теңгеге ие болды.
Тоғжан ЕРМЕК