
Конституцияны жатқа білгендерге жеңілдік берілді
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Экономика және құқықтық пәндер кафедрасы мен Жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мен Конституцияны жатқа білемін» атты байқау өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқауға биыл 40-қа жуық студент қатысты.
— Конкурстың басты мақсаты — жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, елдің Ата Заңына деген құрметті қалыптастыру. Студенттер өз білімдерін сынға салып, Қазақстан Республикасының Конституциясын жатқа айтып, құқықтық дайындықтарын көрсетті. Бұл шара тек студенттер үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де үлкен көмек болады деп ойлаймын. Себебі жеңімпаздарға оқу ақысына жеңілдіктер беріледі. Бұл жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады, — деді Атырау облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева.
Байқау қорытындысы бойынша, үшінші дәрежелі сертификатқа ие болған Марлен Дошқали 2025-2026 оқу жылына оқу ақысына 30 пайыздық жеңілдікке ие болды. Екінші дәрежелі сертификат иегері Аян Әсетов 50 пайыздық оқу ақысы жеңілдігі тағайындалды. Ал бірінші дәрежелі сертификат Экономика және құқық факультетінің 2 курс студенті Дана Қуатқа табысталды. Ол 2025-2026 оқу жылына оқу ақысынан толықтай — 100 пайыздық жеңілдік алды.

— Мен бұл байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Өзім ақылы бөлімде оқимын, сондықтан бұл жеңілдік мен үшін үлкен көмек болды. Осындай қолдау көрсетіп отырған университетке алғысым зор, — дейді жеңімпаз Дана Қуат.
Ұйымдастырушылар бұл игі дәстүр алдағы жылдары да өз жалғасын табатынына сенімді.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор