Атырау облысында жүк пойызы 20 қой-ешкіні басып кетті
Атырау облысында жүк пойызы 16 қой мен 4 ешкіні басып кетті. Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, оқыс оқиға кеше, 8 желтоқсанда болған.
«Жүк пойызының машинисі «Қиғаш-Атырау» учаскесіндегі №15 разъезде темір жол үстінде жүрген қой-ешкілерді байқап, шұғыл тежеу әдісін қолданды. Бірақ, оқыс оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Пойыз 16 қой мен 4 ешкіні басып кетті. Жүк пойызы осының салдарынан 12 минут мәжбүрлі түрде тоқтап тұрды. Оқиға орнына Атырау стансасындағы желілік полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы келіп, мән-жайды анықтады», — дейді департамент бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.
Оның айтуынша, пойыз астына түскен малдың иесі Исатай ауданындағы Аққыстау ауылының тұрғыны болып шыққан. Мал иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 1-бөлігімен айыппұл салынған.