Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары сотқа келмей қалды
22 тамызда облыстық соттың ғимаратында 10 жылға бас бостандығынан айырылған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Нұрлан Таубаевтың апелляциялық шағымын қарау бойынша кезекті отырыс өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Сот процесі жарты күнге созылды. Істі қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарауда. Оның құрамында Дина Тухфатова, Бағила Нұржанова және төрайым Раиса Аққұлова бар. Түскі үзілістен кейін сотталушы Нұрлан Таубаев сот залына келмеді. Судьяның айтуынша, оның кенеттен қан қысымы көтерілген. Осыған байланысты сот отырысы 23 тамыз күні сағат 11.00-ге шегерілді. Сот сотталушының өтініші бойынша процесс кезінде фото және бейне түсірілімге тыйым салды.
Еске салайық, Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырумен қатар 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Таубаевқа «Теңізшевройл» компаниясының Құлсары қаласында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салуға тендерді ұтып алған құрылыс компаниясынан бопсалады және 182 миллион теңге пара алуға әрекеттенді деген айып тағылды.
Сот Таубаевтан бөлек, дәл осы баптар бойынша құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровты мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Таубаев сот үкімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген.