Атырау алақандағыдай көрінеді
Мемлекет басшысы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын бекіткен болатын. Оны жүзеге асыру құзырлы құқық қорғау орган – Ішкі істер министрлігіне жүктелген. Осы орайда ел бойынша «Қауіпсіз қала» жобасы жасақталып, бейнебақылау камералары көшелерді қауіпсіздендіру мақсатында тәулік бойы қырағы бақылайды. Ал, тұрғындар өздерін қауіпсіз сезіне ме? Тақырып төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды сараптап көргенді жөн көрдік.
Бейнекамера бақылап тұр
Бүгінгі заманауи бейнебақылау камералары қылмыстың алдыналуда, құқықбұзушылықты анықтауда полиция қызметкерлерінің сенімді көмекшісіне айналып отыр.
– Жедел басқару орталығының камераларында қаланың қым-қуыт тірлігі алақандағыдай көрінеді. Біздің орталықты полиция басқармасының «жүрегі» десе де артық емес. Бейнекамералар қаладағы өмірді жақсартуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл камералар жол қозғалысы ережелерін сақтаудың алдыналып, құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Қаладағы барлық көлік ағыны мен күдікті адамдардың қозғалысын бақылау. Жедел басқару орталығы арқылы жүзеге асырылады. Бейнекамералар көп жағдайда халық көп жиналатын жерлерге, басты көшелерге, әлеуметтік нысандардың маңына, қаладан кіріп-шығатын жолдарға орнатылған, — деді Жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Асқар Атамқұлов.
Оның айтуынша, қызметкерлер бүкіл камераны онлайн режимде үзбей бақылап отырады екен.
Қауіпсіздік кепілі
Полиция өзінің күнделікті қызметінде қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдалануда. Бұл бағыттағы жұмыс алдымен тұрғындардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды неғұрлым тез ашуға мүмкіндік береді.
Атырауда қала бойынша 3782 бейнебақылау камерасы бар. Облыс орталығының көшелері мен тұрғындардың көп шоғырланатын орындары түгелге дерлік «қырағы көз» камералармен қамтылған. Ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Абай Нұртазинге «камералар не себептен жасамай қалады?» деген тұрғындардың сауалын жеткіздік.
– Кейбір тұрғындар өзінің қауіпсіздігі үшін жеке территориясына, подъезге, басқа орындарға камера орнатып қояды. Олар Жедел басқару орталығына интеграцияланбаған. Көпшілік мұндай құрылғылардың барлығы полицияға тиесілі деп ойлайды. Анығында, олай емес. Полиция департаментіне қарасты камералардың барлығы ақаусыз жұмыс жасап тұр, — деді тәртіп сақшысы.
Маманның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Бұлтты бейнебақылау» жобасы жүзеге асырылуда. Қазір ақпараттандыру және байланыс басқармасының қызметкерлері тұрғындар көп жиналатын орындардағы бейнекамераларды Жедел басқару орталығына қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Бұл полицейлердің қызметін едәуір жеңілдетіп, қылмыстардың ізін суытпай ашуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Жедел басқару орталығының қызметкерлері интеграцияланған бейнекамералар арқылы ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен базарларды камера арқылы тікелей бақылап отыру мүмкіндігіне ие болды, — деді А.Нұртазин.
Әр адам тәртіп бұзушылыққа еріксіз куәгер болса, кешіктірмей полицияға хабарласқаны дұрыс. Ондай жағдайда тәртіп сақшысы айғақ ретінде камерадағы бейнежазбаны қарап шығып, заң бұзушылықты дәлелдейді.
«Сергекті» сәт сайын тексереді
Атырау қаласында 774 «Сергек» қоғамдық қауіпсіздік камерасы жұмыс істейді. Ал, 204 аппараттық-бағдарламалық кешен қала жолдарында орнатылған. Сондай-ақ, үшінші тараптың 750 қауіпсіздік камералары «Сергек» жүйесіне біріктіріліпті.
– «Sergek Group» компаниялар тобында тәулік бойы жұмыс істейтін мониторинг қызметі бар. Ол нысандардың істен шығуы туралы есептерді құрап, әрбір 3 сағат сайын ақпарат жіберіп отырады. Жұмыс барысында ақаулықтар анықталса, ол тез арада жөнделеді. Нысандардың жұмыс істеп тұруы туралы есептер күнделікті облыстық полиция департаментіне жіберіледі, — деп жауап берді «Sergek Group» коммуникация департаментінің басшысы Әсел Қожахметова.
Тұрғындардың «камералар не себептен жасамай қалады?» деген сауалын компания өкіліне де қойғанбыз.
– Компанияға тиесілі құрылғыларға 3 сағат сайын мониторинг жасалады. Мысалы, 10 шілде күні бейнекамера орнатылған сауда орталығының төбесінен су кетуі себепті уақытша 1 жалпы бейнебақылау камерасы жұмыс істемеді. Жауапты мамандар ақауларды жою жұмыстарын дер кезінде жасады. Сондай-ақ 3 аппараттық-бағдарламалық кешен жол төсемін жөндеу учаскелерінен алынып, қаладағы басқа учаскелерге уақытша көшіру жүзеге асырылғанын ескертемін. Қалған камералар қалыпты жағдайда жұмыс істеді, — деді Ә.Қожахметова.
ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫ АЛЫНДЫ
Бейнекамералар орын алған қылмысты ашуға, қоғамдық орында тәртіп бұзған адамның түр-тұлғасын анықтау арқылы жеке деректерін нақтылауға мүмкіндік береді. Осы құрылғының көмегімен бірнеше қылмыстың беті ашылған. Жыл басынан бері камералардың көмегімен 226 қылмыс және 12622 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліпті.
– Бүгінде тұрғындар өздерін бейнекамера бақылап тұрғанын, тәртіп бұзса, жауапкершілікке тартылатынын біледі. Солсебепті аяқтарын аңдап басады. Көшеде тұрып түкіру, белгіленбеген жерде шемішке шағу мен шылым шегу, жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы заттарға зиян келтіру секілді тәртіп бұзушылықтар, осының бәрі камераның назарынан тыс қалмайды. Бұл деректер Жедел басқару орталығында тіркеліп, тәртіп бұзған адам анықталып, заң бойынша жауапкершілікке тартылады, — деді Жедел басқару орталығының бастығы Асқар Атамқұлов.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары заттай айғақтар жинап, куәгерлерді сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, дер кезінде шалынған қоңырау қылмыстың «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік береді. Камералар арқылы оқиға болған жердегі жағдай да толық бақыланады. Күдіктілерге қатысты ақпараттар келіп түссе, олардың қаланың қай бағытына кеткені қадағаланады.
Таяуда бейнебақылау камерасына Авангард шағынауданында«Skoda» маркалы автокөлігінен әйел адамның төрт ер адамға белгісіз дәріні сатып жатқан әрекеті түсіп қалады. Дереу жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама беріліп, аталған автокөлік Жерұйық шағынауданы тұсынан тоқтатылады. Тексеріс кезінде көлік жүргізушісінің алькогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғандығы анықталады. Сондай-ақ, психотропты дәрі сатқан әйелден 13 дана трамадол және 5 дана тропикамидпсихотропты дәрілері тәркіленіп отыр.
Енді бір қала тұрғыны мас күйінде көлік айдап, қоғамдықтәртіпті бұзғаны анықталды. «Lada Largus» автокөлігінің жүргізушісі Құрманғазы көшесіндегі бағдаршамда аялдап тұрып, спирттік ішімдікті жол бойына төккені белгілі болды. Жақын маңдағы патрульдік полицейлер күдік тудырған автокөлікті Жарбосынов көшесінің бойында тоқтатып, тексеру кезінде жүргізушінің масаң екені әшкереленді.
Бейнебақылаудың артықшылығын дәлелдейтін мұндай мысалдар көп. Жалпы, камералар телефонмен сөйлескен, қауіпсіздік белдігін тақпаған, жол ережесін бұзған жүргізушілерді де бірден анықтайды. Ал, жүргізушілер болса, мұның бәрін біле бермейді.
– Басты дәлел – бейнебақылау. Әсіресе, жол ережесін бұзған көлікті құрықтау аса қиын емес. Камера арқылы қай бағытта кетіп бара жатқанын анықтаған соң жүргізушінің алдынан полиция күтіп алады. Тіпті, монитордан алыстағы адамдарды жақындату арқылы бет-әлпетін анық көруге болады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін бақылауға арналған құрылғы көшедегі бар қимылды осылайша қалтқысыз бақылап тұр, — деді Жедел басқару орталығының бастығы Асқар Атамқұлов.
Түйін
Бүгінгі заманауи технологиялар заң бұзушылыққа қарсы күресте маңызды роль атқарады. Соның арқасында кезінде айлап-апталап анықталатын жағдайлар қазір санаулы минутта шешімін тауып отыр. Камераның қырандары қоғамдық тәртіппен қауіпсіздікті толық бақылап отырғанына сенім бар.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА