Атырауда өзбекстандық жеті азамат жауапкершілікке тартылды
Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Өзбекстан Республикасының жеті азаматы жауапкершілікке тартылды.
«Өзбекстан Республикасының жеті бірдей азаматы Қазақстанға жеке мақсатымен «Бейнеу» бекеті арқылы келіп, Атырау қаласы көші-қон полиция бөлімінен тіркеуден өтіп, кейін Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылына тіркелген. Алайда, ішкі істер органы қызметкері 21 мамырда тексеру кезінде шетелдіктердің көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындығын анықтаған», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот отырысында Өзбекстан азаматтары құжаттарды дұрыс толтырмаудағы кінәларын мойындап, өздерінің Миялы селосындағы таныстарына табыс табу үшін келгендерін, жаңа мекен-жайда тіркелусіз 10-15 күндей тұрып жатқандарын, құжаттарын қайта тіркеуге тапсырып қойғандарын айтып, қатаң жазаламауды сұрады.
Айта кету керек, сот қаулысымен Өзбекстан Республикасының жеті азаматы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 36 075 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалды.
Хорлан Смадияр