
Ата Заң — ұлттың қазығы
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Ата Заң – ұлттың қазығы» атты дөңгелек үстел өтті. Оған аналар мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері, заңгерлер, этномедиаторлар, жастар және кітапхана қызметкерлері қатысты. Білгеніміздей, басты мақсат – Конституцияның 30 жылдығы аясында Ата Заңның тарихи маңызын насихаттау, құқықтық мәдениетті дамыту және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев Конституцияның тарихи маңызы мен қазіргі қоғамдағы ролі, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі азаматтық жауапкершілік пен отбасылық тәрбиенің ықпалы туралы айтты. Ал Атырау облысы ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш Конституцияның мемлекеттілік пен бірлікті қалыптастырудағы орнына тоқталып өтті.
Мемлекеттік қызметтің ардагері Зұлбұхар Сүйнешов Конституцияның тарихи мәніне маңыз бере отырып, тәуелсіздік жылдарының алғашқы қиындықтарын шынайы естеліктермен баяндап берді:
– Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, ел басқару ісінде азды-көпті қызмет атқардық. Ол кезде, яғни 1991 жылы Қазақстанда Конституция болмағандықтан, басқару кеңестік заңдарға сүйеніп жүзеге асты. 1992 жылы алғаш рет әкімдік институт енгізілді. Бірақ ол да өтпелі кезеңнің қиындықтарынан толық арылмаған еді.
Біз аудандық төраға – аудандық партия комитетінің хатшысы болып бастадық. Партия тараған соң аудандық кеңес, кейін аудандық атқару комитеті деген атаулармен жұмыс істедік. Бюджет те, билік те кімде екені белгісіз кезеңдер өтті.
1993 жылы алғашқы Конституция қабылданғанымен, ол парламенттік басқаруға негізделді. Президент Парламентке тәуелді болды. Көптеген шешімдер Жоғарғы кеңестің қаулысы шыққанша күтуді талап етті. Ал өмір өз ағысымен жүріп жатты. Мысалы, жекешелендіруді жүзеге асыруымыз керек еді, бірақ заңдық негізі болмады. Мұндай жағдайда халықтың парасаты мен сеніміне сүйеніп жұмыс істеуге тура келді,-деді ол.
Конституция – тек заң емес, рухани бағдар
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің заң және құқық факультетінің профессоры Жанна Шаяхметова өз сөзінде Ата Заңның тарихи негіздеріне, құқықтық құрылымына және қоғамдағы роліне терең талдау жасады.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған алғашқы Конституцияны «өтпелі кезеңнің Конституциясы» деп атауға болады. Ал 1995 жылғы Конституция – жаңа тарихи кезеңнің бастамасы. Қазақ халқының құқықтық тарихында Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді үлгілер болды. Сондықтан біз ұлттық сипаттағы, сонымен бірге халықаралық стандарттарға сай келетін құқықтық негіз қалыптастырдық.
1995 жылғы Конституция президенттік басқару жүйесін нығайтты. Сот жүйесінде реформалар жасалды, мемлекеттік меншік құрылымы мен жекеменшік институты заңмен реттелді. Жоғарғы заң шығарушы органның құрылымы да өзгертілді.
Осы 30 жылдың ішінде Конституция алты рет өзгертілді. Бұл «Ата Заң неге қайта-қайта өзгереді?» деген сұрақтар тудырғанымен, шын мәнінде бұл – қоғамның дамуына бейімделу. Конституция – халықтың даму сатысына сай жетіліп отыратын құжат. Ол тек заңдар жинағы емес, елдің даму бағдарын көрсететін жолбасшы,-деді профессор.
Жанна Шаяхметова сөзінде өлім жазасына қатысты өзгерістерге де арнайы тоқталды:
– Адам – қоғамның ең үлкен қазынасы. Конституция өмір сүру құқығын негізгі норма ретінде бекітеді. Сондықтан өлім жазасын қолдануға алғаш мораторий жарияланып, кейін мүлдем тыйым салынды. Бұл адам құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды шешім. Біздің заңнамамыз – тек бүгіннің емес, болашақтың да негізі,-деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар еркін пікір алмасып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолдарын талқылады. Спикерлер жастарды заңға деген құрмет пен жауапкершілікке баулудың маңызы зор екенін атап өтті.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ