АТА ЗАҢ – АЛТЫН ТҰҒЫР
Біз демократиялық даму жолын таңдадық
Конституция латынша «құрылым», қарапайым тілмен тү-сіндірсек, «мемлекеттің негізгі заңы» деген мағынаны білдіреді. Кез келген елдің іргетасын қалайтын осынау саяси және құқықтық құжат әр елде әртүрлі жағдайларда қабылданады. Біздің — Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданғанын жақсы білеміз.
Сонау, Қасым ханның тұсында «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» сынды заңдар жиынтығының қолданыста болуы құқықтық тарихымыздың тамыры тереңде екендігін аңғартса керек.
Қазақ Советтік Социалистік Республикасы кеңестік одақтың құрамында болған кезде үш Конституция 1926, 1937, 1978 жылдары қабылданғаны тарихтан белгілі. Өкінішке орай, аталған Конституцияларда «одақтың құрамындағы әр республика одақтан өз еркімен шыға алады» деп көрсетілгенімен, іс жүзінде олардың тәуелсіздігі болған жоқ.
Көк бөрі ұрпағы сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке кеңестік жүйенің қылбұрауынан босағаннан кейін барып қол жеткізді. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Декларациямызды қабылдадық. Арада азғантай уақыт өткеннен кейін – 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді алдық. 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің тарихи тоғызыншы сессиясында дербес, егеменді Қазақстанның тұңғыш Ата Заңы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы қолданысқа енгізілді.
Ғасырлар тоғысындағы азғантай уақыттың ішінде бірнеше ондаған, жүздеген жылдардың жүгін көтеретін тарихи оқиғалар жүзеге асырылды. Осынау өркенді істердің басы-қасында бүкіл қазақстандықтардың, әлем жұртшылығының құрметіне, сүйіспеншілігіне ие болған тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығын біз үлкен мақтаныш, зор құрметпен айта аламыз.
Ата Заңның жобасы қалай дайындалды?
Өркениет талабына толықтай жауап беретін Ата Заңымыздың жобасын дайындау барысында әлемдік көшбасшы мемлекеттердің заң қабылдаудағы озық тәжірибелері, әрбір қазақстандықтың ұсыныс-пікірі жан-жақты сарапталып, алқалы жиындарда, үлкен басқосуларда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы талқылауға түскенін бәріміз де жақсы білеміз. Бүкіл ел болып атсалысқан ауқымды істердің арқасында 1995 жылдың 30 тамызында өткен Бүкілхалықтық референдумда қатысушылардың 90 пайызы қазіргі қолданыстағы Конституцияны жақтап, дауыс бергені тегіннен-тегін емес.
Ата Заңымыз қолданысқа енгізілгеннен кейін сот билігінің тәуелсіздігін, оны кадрлық және қаржылық жағынан қамтамасыз ету бағытындағы реформалардың нәтижесінде қазіргі заманғы сот жүйесін құруға кең жол ашылды. Мұның айқын дәлелі ретінде 1995 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Президент Жарлығын айтуға болады. Осы ретте атап өтуге тиістіміз, еліміз егемендік алған күннен бастап сот жүйесі Елбасының тікелей бақылауында, қолдауына ие болып келеді. Республика тарихында ең бірінші рет өз алдына бөлек Атырау облыстық сотының ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Елбасының қатысуы – сотқа деген қамқорлықтың айқын айғағы. Соттардың материалдық-техникалық базаларын жаңа, заманауи теникалармен жаңғыртуға, судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, игерілуде.
Іргелі істерге басталған қадам
Баршамызға белгілі, Президент Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде 5 институционалдық реформаны ұсынды. Олар – қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет құру. Осынау асқаралы міндеттерді жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын айқындап берді. Бұл орайда мемлекеттік биліктің бір тармағы болып саналатын сот жүйесіне үлкен жауапкершіліктер жүктелуде.
Жасыратыны жоқ, судьялар корпусының қатарына жауапкершілік жүгін жете сезінбейтін, кәсіби біліктілігі төмен, лауазымды қызметіне лайықты емес адамдардың өтіп кетіп жататындығы сирек те болса кездесіп қалып жатады. Сондықтан, ондай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін судьялыққа үміткерлерді іріктеудің талаптары мен тетіктері қатаңдатылатын болады. Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, оларға қатысты жаңа этикалық кодексті жасап, қолданысқа енгізу, азаматтардың судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы сотының жанынан құрылған арнайы Сот алқасына шағымдануын қамтамасыз ету мәселелері де Ұлт жоспарында нақты айқындалған.
Өзгерістер өркендеуге жол ашады
Елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың бес сатылы жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайтадан қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) жүйесіне көшіру көп кешікпей қолға алынады. Соған сәйкес кассациялық саты өкілеттіліктері Жоғарғы сотқа беріледі.
Үш сатылы сот жүйесі – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген тиімді тәсілдердің бірі. Оның басты тиімділігі – сот шешімінің бірнеше мәрте өзгеруіне, айналып келгенде, күшін жоюына батыл тосқауыл қояды. Бүгінгі таңда облыстық соттардың кассациялық сот алқасы Жоғарғы сотқа жүктелген қадағалау алқасының қызметін қайталауда.
Қуатты мемлекеттік билік пен демократия бір-біріне қайшылық келтіруге тиісті емес. Кез-келген мемлекет демократия талаптары мен Ата Заң қағидаттарын қатаң, қатар сақтаған жағдайда ғана өсіп-өркендейді, экономикасы көтеріліп, халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жоғарылап, ұлттық табысы көтеріледі. Осы міндеттерді жүзеге асыру – барлық қазақстандықтардың, соның ішінде судьялар корпусы мен сот қызметкерлерінің абыройлы да, жауапты міндеті.