Жарнама
Құқық

«Арзан жер алып, арандап қалмаңыз!»

Күнделікті өмірден көріп жүрміз, жұртшылық нотариусқа қандай да бір құжатының көшірмелерін куәландыруға ғана келетіндей. Басқа уақытта маңдай тіреп бара бермейтін нотариустар қызметінен қалың бұқара осылайша бейхабар секілді.

Қазір нотариустың қызметіне қашықтан жүгінуге болады. Бар болғаны қолыңызда интернетке қосылған телефоныңыз болса жетіп жатыр. Керек уақытта бейнебайланысқа шығып, қажетті қызметіңізді аласыз. Бұл туралы  Атырау облысы нотариаттық палатасының төрайымы Гүлнар Масатова айтып берді. Сонымен нотариус қандай қызметтерді ұсынады?  Оның қызметі қымбат па? Гүлнар Жұмағұлқызымен сұхбатта осы сұрақтарға жауап алдық.

Сан соқпау үшін сауаттылық қажет

– Гүлнар Жұмағұлқызы, бүгінде қоғамдағы нотариустың ролі қандай? Қазір облыста осы қызмет түрін көрсетуші мамандар жеткілікті ме?

– Қазір Атырау облысында 127 нотариус халыққа қызмет көрсетіп отыр, оның 101-і облыс орталығында. Меніңше, облыс нотариустары тұрғындарды нотариаттық қызмет көрсетумен түгелдей қамтамасыз етеді. Қазір, байқасаңыз, бұрынғыдай емес, нотариаттық кеңселерде ешқандай кезек жоқ, қызмет көрсету сапасы да артты. Барлық нотариустар заман талабына сай жабдықталған бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеден ішінде нотариус қызметіне қатысты толық ақпаратты алуына мүмкіндігі бар.

Мысалы, халық арасында көп кездесетін нотариаттық іс-әрекет түрлерінің бірі – жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу (сыйға тарту, айырбастау) келісім-шарттарын куәландыруда шарттардың нысаны жазбаша түрде жасақталады. Кейбір жағдайда азаматтар шарт жасақтау мақсатында нотариусқа жүгінбей, өзара жазбаша шарттармен шектеледі. Ал, кейін қолайсыз құқықтық зардаптар туындаса, осы арқылы тараптар жауапкершілікті өзіне жүктеп алады.

 Көптеген елдерде жылжымайтын мүлікті иеліктен алу мәмілелерінің нысаны міндетті түрде нотариалды куәландырылады. Ал, бұл процесс барысында нотариус – білікті немесе кәсіби тәуелсіз заңгер ретінде нотариалды куәландырған шарттарды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының нормаларын басшылыққа алып, ереже-қағидалардың талаптарын міндетті түрде сақтауы тиіс. 

Демек, шартты куәландыру барысында нотариустың басты міндеті – ұсынылған құжаттарды жан-жақты зерделеп, тексеру арқылы құжатты заңнамаға сай сауатты жасақтау. Мұндайда нотариусқа бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің көмегі өте көп. Осы жүйе арқылы ол нотариаттық іс-әрекет жасауға жүгініп отырған адамдар мен олардың Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары берген заңды өкілдерінің құжаттарын салыстырып тексереді. Егер деректерде шарт жасақтауға ешқандай күмән болмаса, сол бойда бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы мәміленің көшірмесін тіркеу органдарына жіберіп, құқық меншігін тіркейді. Оның тіркелу мерзімі бір күннен кешіктірілмейді, тіпті, азаматтардың қалауы бойынша екі сағаттық жедел тіркеуге де жіберуге болады. Сондықтан, құқықтарын тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінудің еш қажеті жоқ. Тіркеу хабарламасын келесі күні немесе екі сағаттан кейін нотариус оның көмегіне жүгінген адамға табыстайды.

Бұл жерде ерекше тоқталар жайт – нотариус тек мүлік құжаттарын зерделеп қана қоймай, шарттың заңды жасақталуына аса көңіл бөлуі тиіс. Біріншіден, шарт жасақтауға жүгінген тараптармен жеке сұхбаттасып, олардың өз еріктерін нақтылап, алаяқтық әрекеттердің бар-жоғын пысықтауы шарт. Екіншіден, жылжымайтын мүліктің иесінен басқа ортақ иеліктегі иегерлер болған жағдайда, шарт жасақтау барысында олардың келісімдерінің міндетті түрде қажеттігін түсіндіру. Егер меншік иесі не ортақ иелікте кәмелетке толмаған тұлға болып, оған қорғаншылық тағайындалса, қорғаншы қамқоршылық органынан алдын ала келісім-шарт жасақтауға келісім қажет.

Тағы бір ескеретін жағдай – жылжымайтын мүлік сатып алғанда, ерлі-зайыптылардың бірі шетел азаматы болып, олардың Қазақстанда тұру ықтиярхаты болмай, сондай-ақ, олардың арасында неке шартымен өзіндік меншік тәртібі орнатылмаса, сату-сатып алу шарты нотариалды түрде куәландырылмайды.

Үшіншіден, мәмілелерді куәландыру нотариусқа зор жауапкершілік жүктейді. Мұндай құжаттар заңды, сапалы, тез және қауіпсіз жасақталуы тиіс. Ең маңыздысы, мәміленің, яғни келісім-шарттың нотариалды нысанда жасақталуы тараптардың азаматтық құқықтарын қорғап, құқықтық сауаты төмен болған жағдайда өздеріне зиян келтірмейді.

Нотариустың білікті маман екені оның жасаған мәмілелерінің құқықтық тұрғыда сауаттылығына қатысты бағаланады. Егер жасалған келісім-шартқа байланысты тараптар дауласып, кейін сот шешімімен жасалған құжат бұзылып жатса, ол маманның біліктілігін көрсетеді. Нотариустың басты міндеті – қызметін бастар алдында толық мүліктік жауапкершілік ретінде өзінің нотариаттық қызметін сақтандыру мақсатында азаматтық-құқықтық сақтандыру шартын жасақтауы қажет. Сондықтан, халықтың жылжымайтын мүлікті иеліктен алу келісім-шарттарын жасақтауда зор сеніммен нотариаттық куәландыруға жүгінгені дұрыс.

Нотариус қызметі қымбат па?

– Нотариалдық әрекеттер үшін алынатын соманың барлық жерде бірдей белгіленуі де жұмысқа ықпал етпей ме? Ел арасында «нотариус қызметі қымбат» деген пікірдің бары да рас…

– Нотариалдық қызмет көрсету үшін төленетін мемлекеттік баж және қосымша құқықтық-техникалық сипаттағы қызмет көрсету сомасының көлемі еліміздегі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне сәйкес тағайындалған. Қазір бір АЕК – 3692 теңге. Нотариаттық іс-әрекеттер жасақтау бойынша тағайындалған мөлшерлеме барлық жерде бірдей.

Бұл жерде ескеретін жайт – қалалық және ауылдық жерлерде кейбір мәмілелерді куәландыру құнындағы айырмашылықтар. Себебі, жылжымайтын мүліктердің құны қалада басқа, ауылдық жерде өзгеше. Соған қарамастан, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолданылатын жеңілдіктер де бар. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, көп балалы аналар, жеке меншігіндегі мүлкін мемлекеттің пайдасына өсиет жасайтын адамдар, сондай-ақ, қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты нотариаттық іс-әрекеттерді куәландыруда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

– Газет бетінде қандай да бір нотариустың қайтыс болған адамға байланысты мұрагерлік іс ашқаны хабарланып жатады. Ал, өз қандастарымыздың ұлттық менталитетке сүйеніп, «марқұмның көзі жұмылмай жатып мұрасын түгендегенім ұят болар» деп жүргенде белгіленген мерзімді өткізіп алатындар әлі де бар ма?

– Негізі, халықтың құқықтық сауаттылығы жыл санап артып келеді. Сондықтан, мұраға құқықтарын ресімдемей жүріп алатындар сирек. Марқұмның өсиеті бар-жоғын анықтауда, мұрагерлікті куәландыру процедурасында біздің мұрағатымыз зор көмек беріп отыр. Онда барлық қайтыс болған адамдардың қалдырған өсиеттері және ашылған мұралық істердің бар-жоғы жөніндегі мәліметтер, жергілікті нотариаттық палатасы мен нотариустар арасындағы «Uni notary» базасында, БНАЖ-де жинақталған. Базадағы және БНАЖ-дегі деректер де облыс нотариустарына мұралық іс жүргізуде үлкен септігін тигізеді.

– Ал, некелік келісім-шарт жөнінде не айтасыз?

– Некелік келісім-шарт жасайтындар болғанымен, олардың саны көп емес. Бізде отбасылық өмірде мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, мүліктерін бөліп алып, ортақ келісім-шарт жасау жоқтың қасы.

Негізінен, некеге отырғанға дейін де, неке кезінде де жұбайлар өз атына жазылған мүлікті заңдастырып алу үшін нотариусқа жүгініп, некелік келісім-шартын жасақтауына болады. Осы арқылы жұбайлар ажырасқан жағдайда сот органдарына жүгінбей-ақ, дау-талассыз мүлікті өзара бөліп алуына қолайлы деп санаймын. Тәжірибе жүзінде ерлі-зайыптылардың неке кезінде алынған ортақ мүліктерін иеліктен алу жөніндегі мәмілені жасақтау барысында өзара келіспеушіліктер туындайтын кездері де болды. Мұндай жағдайда тараптар мәміле жасақтау кезінде некеде тұрмайтынын, болмаса иеліктен алынатын мүлікті некеге дейін алғанын айтып, нотариусқа шындықты айтпай, жаңылыстыруға дейін барады.

Бірақ, қазіргі заман талабына сай бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйемен жабдықталған нотариустар мәміле жасақтау барысында осы жүйе арқылы адамның жеке басын, оның әрекет қабілеттілігін және отбасылық жағдайын да тексере алады. Сондықтан, әрбір жан шындықты айтпағандығы себепті жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаған жөн.

Сенімхаттар онлайн беріледі

– Қазір сенімхаттарды куәландыру барысында қандай да бір өзгерістер бар ма?

– Өткен жылы Әділет министрлігінде нотариалды куәландыратын сенімхаттарды қашықтықтан (онлайн) беруге арналған «Цифрлық нотариат» жобасының тұсаукесері өтті. Соның нәтижесінде Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында «Цифрлық нотариат пилоттық жобасын іске қосу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Осыған орай, заман талабына сай азаматтар сенімхаттарды, басқа адамдардың әртүрлі келісімдері және олардың некеде тұрмайтындығын дәлелдейтін арыздарды куәландырулар нотариуспен бейнебайланыс арқылы онлайн режимде бере алады. Яғни, енді нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, нотариусты «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйесінде немесе бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде авторизациядан өтіп, өзіне қажетті сенімхатты бере алады. Бұл пилоттық жоба және нотариустардың қызметіндегі жаңадан енгізіліп жатқан іс-әрекет болғандықтан, қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан, бұл жаңалықты жүзеге асыруды кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр.

Алғашқы кезеңде соттарда істерді жүргізуге, нотариуста мұрагерлік істерді ашып, жүргізуге берілетін, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында, басқа да құзыретті органдарында, мекемелерінде, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындарда өкілеттік етуге берілетін сенімхаттар куәландырылады.

«Арзанның сорпасы татымас…»

– Соңғы кезде уақытша акт берілген жер телімін саудаға салғандар көбейді. Бұл процесті заңдастыру мүмкін бе?

– Заңдастыруға болмайды, бірде-бір нотариус уақытша берілген жер актісін ешқандай құжатпен ресімдемейді. Кейбір адамдар сатылатын жердің арзандығына қызығып, түпкі себебін көрсетпестен ақша алған-бергені жөнінде ғана келісім-шарт куәландыруы мүмкін. Жердің иесі мұндайда сатып алуға сенімхат беретінін айтып, соңынан жер телімін атына аударатынына уәде береді.

Бірақ, заңгер ретінде тұрғындарға тек заңдастырылған жерді ғана сатып алуға кеңес берер едім. Сенімхатқа ғана жүгініп, «кейін өзім бәрін заңдастырып аламын» деген оймен азаматтар тәуекелге барады. Мысалы, сенімхат беруші азамат кез-келген уақытта бұл құжаттың күшін жоюына құқығы бар. Соның кесірінен сатып алушы тарап ақшасынан да, жерден де айырылып қалуы мүмкін. Сол себепті жұртшылыққа «арзан жер алып, арандап қалмаңыз» деген кеңес айтар едім.

– Бірнеше жыл бір нотариустың көмегіне жүгінетін тұрақты клиенттер кездесе ме?

– Әрине. Менің де осындай клиенттерім жеткілікті. Өздерінің бұрыннан білетін, сенетін, білікті мамандарына жүгінетінін дұрыс деп санайтын клиенттер бар.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button