АРЫЗ-ШАҒЫМДАР АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Атырау қаласының  прокуроры Нұрлан Қарашолақ қоғамдық қабылдау өткізіп, түрлі арыз-шағымдармен келген тұрғындарды қабылдады. Олардың ішінде, Р.Қуанышева сот шешімі шықса да, бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген бұрынғы күйеуіне шағымданып, сот орындаушылар жұмысына ықпал етуді сұрайды. Соңғы кезде анасының өзі тұрақты жұмыста болмағаннан кейін   баланың қажетін өтеу қиындай бастаған.

 

Ал, Қ.Изимова ішкі істер қызметкерлері бұған дейін заң бұзушылық бойынша жауапқа тартылып, қазіргі таңда ісі қаралып жатқан жұбайын бей-берекет мазалай береді деп санайды. Айтуынша, полиция қызметкерлері мезгілсіз уақытта телефон соғу сияқты түрлі әрекеттерді қолданып отыр.

Н.Дощанов «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша пәтерге құжат тапсырған. Бағдарламаға сәйкес, бір балаға 20, екі балаға 30 балл дегендей, балдық жүйе қолданылады. Бұған дейін 90 пәтер берілгенмен, 50 балл жинаған азамат оған ілікпеген. Ол комиссия мүшелерінің жасы 29-ға жақындап қалған кезек иелерін ескермегеніне реніш білдірді. Өзі де орда бұзар отызға бір қадам жақындап қалды. Алдағы берілетін үйлерге жасына байланысты ілікпей қалмай ма? Баспана мәселесі бойынша «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұқановтың араласуымен қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауабы тыңдалды. Белгілі болғаны, бұрын «Қолжетімді баспана» бойынша 527 өтініш түсіп, олардың арасынан балы көптерге басымдық берілген. Қазіргі таңда «Жас отау» бағдарламасы қолға алынып, бұрыннан кезекте тұрғандардың дені соған ауысқан. Ол бойынша 1500 өтініш тіркелген, тағы 90 пәтер беріледі деп күтілуде. Пәтер бөлуде барынша ашықтық сақталуда.

Жеке кәсіпкер С.Сұлтанова «Нұрсая» ықшамауданынан 2008 жылы дүкен ашуға жер телімін сатып алыпты. Одан кейін отбасы жағдайларымен жоспарын жүзеге асыра алмаған. Енді жергілікті әкімшілік игерілмеген жерін қайтаруды сұрап жатқандықтан, құзырлы органның араласуын сұрайды.

Тасқала селосынан келген тұрғындар бірнеше жыл бұрын 20 үй болып «Аманат» ЖШС көмегі арқылы үйлеріне көгілдір отын тартыпты. Газды қосу жұмысына 16 500 теңгеден төлеген. Бірақ, «құжаттарды заңдастырып береміз» деген мекеме қызметкерлері уәдеде тұрмаған, бүгінде оларды қолға түсіру де қиынға айналыпты. Қала прокуроры газ жүргізген жеке ұйым тұрғындардың құжатын реттемеген жағдайда үстерінен арыз түсіріп, алаяқтық бойынша іс қозғауға болатынын жеткізді.

Ал, Ә.Серіков ағасына сыйға тартпақ болған үйіне байланысты шыққан сот шешіміне келіспейді екен. Алайда, оған сот процесі әлі жүріп жатқандықтан мәселеге ешқандай органның араласа алмайтыны айтылды.

Қоғамдық қабылдауға келген жекелеген тұлғалардың арыз-шағымы бойынша нақты жауаптар алдағы уақытта берілмек.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз