
Әр жұмысшының құқығы қорғалуы тиіс!
Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысы қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауда елеулі қиындықтар мен күрмеуі күрделі мәселелерге тап болып отыр. Еңбектің әділ бағалануы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбеккерлердің құқықтарының қорғалуы – кәсіподақ қызметінің өзегі, басты бағыты, айқын бағдары. Осыған сай атқарылған жұмыс пен қалыптасқан оң үрдісті салалық кәсіподақ бірлестіктерінің тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Орталық кеңесінің өңірлік өкілдігі мен ҚТЖ «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің 2020–2024 жылдары атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған есеп беру-сайлау конференциясында осының куәсі болдық.
Қоғамдық ұйымның есепті мерзімде жүзеге асырған жұмыстары жайлы комитет төрағасы Боранбай Қамиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір ұйымдағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2400-ден асып, жұмысшы-қызметкерлердің 100 пайызына жуығын құрап отыр. Бұл – кәсіподақтың жылдан жылға белсенділігі артып, қатарының нығайып, еңбек адамының заңды құқықтарының бұзылуына қарсы күресуге қауқарлы ұйым ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қоғамдық ұйымның ұйымдастыруымен соңғы жылдары мәдени-көпшілік, бұқаралық, елдік сипаттағы шаралардың маңызы мен мәнін арттыруға күш салынып келеді. Басқосуларда қабылданатын шешімдердің пәрменділігі мен бастауыш ұйымдардың өз құзыреті шеңберінде жұмыс жасап, ықпалды күшке айналуы үшін ұйым жетекшілігіне сайланатын кәсіподақ мүшелерінің біліктілігі мен білім деңгейін, ұйымдастырушылық шеберлігін арттыру көзделеді. Осы мақсатта жоспарға енгізілген әрбір іс-шараның нақты нәтижесіне жіті көңіл бөлініп, ерекше назар аударылады.
– Жұмысын осындай ұстаныммен ұйымдастырып келе жатқан теміржолшылардың салалық кәсіподақ ұйымы жыл санап еңбек адамының еңбек қатынастары барысында туындайтын заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуді немесе олардың бұзылуына жол бермеуді негізгі міндеті санайды. Сонымен қатар, әрбір кәсіподақ мүшесі еңбеккерге материалдық та, моральдық та тұрғыдан көмек пен қолдау көрсетудің, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы жақсы қарым-қатынасты қалыптастырудың бастамашысы болуды көздейді, – деді Боранбай Ғалымжанұлы.
Бұдан әрі баяндамашы сөзінің дәлелі ретінде нақты мысалдар келтірді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, еңбеккерлердің денсаулығын жақсарту бағытында кәсіподақ ұйымдары тарапынан жүзеге асқан шаралардың ауқымы аз емес. Сонымен қатар түрлі тосын жағдайлар мен жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендерді оңалту, оларды емдеу-сауықтыру орындарында емделіп, демалуына жағдай жасау да – қоғамдық ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі.
Мұның сыртында, үшжақты әлеуметтік әріптестік келісім жасасып, құжатта тараптарға қойылған талаптар мен жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау да – ұйым назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы және өзге де мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндаған комитет төрағасы орын алған олқылықтар мен кемшіліктерге, алда тұрған межелі міндеттерге де тоқталды.
Конференция соңында есепті мерзімде атқарылған жұмысқа оң баға беріліп, салалық кәсіподақ комитетінің жаңа құрамы мен төрағасы сайланды. Күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша шешім қабылданды.
Дәулетқали АРУЕВ