
Ақжарлықтар тегін заңгерлік кеңес алды
Атырау қаласындағы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында «Ақпараттық-құқықтық заң кеңесі орталығы» жобасы аясында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараны «Шаңырақ–2008» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Халыққа құқықтық көмек көрсету, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерде заң аясында дұрыс шешім қабылдауға жәрдемдесу, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мақсатындағы кездесу барысында тұрғындарға құқықтық тақырыптар бойынша ақпараттар берілді.
Аталған жоба шеңберінде мұндай кездесулер облыс көлемінде ұйымдастырылып жатыр. Құқық қорғау органдарының мамандары мен тәжірибелі заңгерлер ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, отбасы құқығы, еңбек даулары, тұрғын үй қатынастары, әкімшілік және қылмыстық заңнама бойынша тегін заңгерлік кеңес ұсынады.
Сонымен қатар жоба аясында емханаларда, сауда орындарында, халық көп шоғырланған жерлерде көшпелі қабылдаулар өткізу жоспарланған. Мұндай ашық әрі қолжетімді кездесулер халықтың құқықтық мәселелерін тікелей әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
–Жоба аясындағы тағы бір маңызды бағыт — жастармен жұмыс. Облыстағы колледждер мен жоғары оқу орындарында «Заң және тәртіп» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылады. Оған тәжірибелі екі заңгер қатысып, студенттерге құқықтық сауаттылық негіздерін, өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттігін түсіндіреді. Сондай-ақ халықпен тұрақты байланыс орнатып, өзекті құқықтық мәселелерді ашық талқылап, заң нормаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастамалар тұрғындардың заң алдындағы жауапкершілігін арттырып, азаматтық белсенділікті қалыптастыруға ықпал етеді, — дейді «Шаңырақ–2008» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанар Ильясова.
Айта кету керек, аталған жоба облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: Ашық дереккөз