
«Ақша да, жоқ көлік те жоқ!..»
Атырау қаласындағы «Абыройавто» автосалонына қатысты жағдай қоғамдық резонанс тудырып отыр. Редакцияға хабарласқан оқырманның айтуынша, ол автосалон арқылы көлік сатып алмақ болып, келеңсіздікке кезіккен. Алдымен «Колеса» сайтына көлігін сату туралы жарнама берген екен. Содан көп ұзамай «Абыройавто» автосалонының менеджері хабарласыпты. Менеджер оған көлігін 25 миллион теңгеге сатып беруге уәде берген және 10 күн ішінде ақша аударылады деп сендірген. Алайда көп ұзамай мұның бос уәде екендігі белгілі болыпты.
Оқырманның айтуынша, осы жағдайға қатысты бірнеше рет автосалонға барып, басшылықпен кездескісі келген екен. Алайда кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлер «басшысының ағайыны қайтыс болып, сол себепті кеткенін» айтып, нақты жауап беруден бас тартқан көрінеді. Қазір бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, полиция да тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері «Абыройавто» автосалонына қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Қазір автосалонның әрекеттеріне қатысты 5 адамнан ресми шағым түскен.
– Аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі анықталуда және қылмысқа қатысы бар адамдар тексерілуде. Өзге ақпараттар тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Қалай алданып қалды?
Қала тұрғыны Наурызбек Орынбасар да көлік сатып алу кезінде алданып қалғандардың бірі болып отыр. Ол қазір полиция мен прокуратураға бірлесіп арыз жазу үшін өзі сияқты зардап шеккен адамдарды іздестіріп жүр екен.
Оқиғаның мән-жайы былай болған: Наурызбек Орынбасар 6 тамыз күні Ақтау қаласынан көлік сатып алады. Оның алдында көліктің барлық құжаттарын тексеріп, техникалық жағдайының дұрыс екеніне көз жеткізген. Бір апта бойы көлікті өз атында ұстап, кейін оны сенбі күні автомаркет арқылы сатқан.
Түсініп болмайтын жағдай осы сәттен туындайды. Жексенбі күні үйіне ерлі-зайыпты адамдар келіп, айқай-шу шығарады. «Менің көлігімді ұрлап кеттіңдер!» деген олар көліктерін «Абыройавто» автосалонына сатуға тапсырғандарын, бірақ салон көлікті алған кезде ақшаларын бермегенін айтады.
– Олардың айтуларынша, көліктерін «Абыройавтоға» сатып беруге берген. Келісім-шарт жасасқан, ақшасын 10 күнде аударамыз деген. Өздері «Каспийбанк» қосымшасы арқылы машинаны иеліктерінен шығарып, 18 жастағы Райымжан деген жеке адамға аударып берген. Бұдан бұрын аталған автосалон бұл адамдардың бір көліктерін сатып, ақшаларын берген екен. Мынау «сатып бер» деп берген екінші көліктері болып шықты.
– Онымен ақша да жоқ, көлік те жоқ. Енді мен де 10 миллион теңге шығынға қалдым. Ол көлікті Ақтаудан барып сатып алдым. «Абыройавтоның» қитұрқы схемасы үшін мен неге зардап шегуім керек?! — дейді ол.
Оның айтуынша, қазір оған 10 адам хабарласып, дәл осындай алаяқтық әрекеттерге ұшырағандарын айтыпты. Арасында көлікті несиеге сатып алғандары да бар. Ол осы мәселені тергеу органдары заң аясында әділ шешеді деп сеніп отыр.
P.S. Бұл жағдай бір адамның ғана емес, көптеген тұтынушының алаяқтықтың құрбаны болуына әкеліп соқты. Осы оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізуде. Егер тағы да жәбірленушілер шығып жатса, олар құқық қорғау органдарына арыздарын бере алады. Ал қазір «Абыройавто» автосалонының қылмыстық әрекеттері туралы қосымша мәліметтер тексеру барысында анықталатын болады.
Майра ЕРҒАЛИ