Жарнама
Құқық

АЛТЫН КӨРСЕ ШЕНЕУНІК ТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ

   Әлемде талай жаға ұстатар жағдайлар болып жатады. Бірақ, атынан-ақ көрініп тұрғандай, мүмкіндігі шектеулі жаннан пара алу деген… Иә, ол мүмкін екен. Атырау облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші–қон комитетінің департаменті басшысы мен ведомстваның бөлім басшысы тағдыр тәлкегіне түскен бейбақтардан мүгедектік мерзімін кедергісіз ұзарту үшін 30 000 — 70 000 тенге аралығында пара алып келген. Қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары  Данияр Ақуан брифингте баяндады. 

  —  Өздеріңізге белгілі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шаралары мен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау, ашу, жолын кесу, тергеу функцияларын атқарады.

    Осы жылдың бірінші тоқсанында  департамент өндірісінде 65 қылмыстық іс болды, оның 15-і аяқталып, 8-і сотқа жолданды. Тергеу барысында келтірілген залалдың 20,2 млн.теңгесі  өндірілді. Ал, сегіз тұлға сот шешімімен сотталды,  — дейді спикер. 

     «Алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін киген шенеуніктерді жолдан тайдырған қандай сыйлық? 10 000 000 теңге! Иә, арамызда түйені түгімен жұтатындар жетерлік екен. Мәселен, Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғалары жүк тасымалдап жүргендерден республикалық маңызы бар жолдарда кедергісіз жүру, әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқоршылыққа алу үшін барлығы 10 млн. теңгеден жоғары көлемде бірнеше рет пара алыпты. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер үй қамақта отыр.   

       Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данияр Ақуаннан білгеніміздей, бұдан бөлек, пара алу фактісі бойынша Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылдық округінің әкімі, Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының инспекторы, Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысына қатысты қылмыстық істер қаралуда. Ұзынқұлақтан естіп, орынбасардан нақтылап та үлгергеніміз — «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы 20 000 теңге аламын деп «тәйкісінен» түскен екен. Бұл жердегілердің бәрі бірдей парақор не жемқор емес, бәлкім «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтыладының» кебін киіп жүрмегеніне кім кепіл… Дегенмен, соңғы шешім сотпен шығарылатын болады.

    Тақырыпқа тұздық болсын, департамент жомарттық танытып,  соңғы үш жылда  сыбайлас жемқорлық  туралы хабарлаған 19 тұлғаның аузын 3 миллионнан астам теңгемен «майлаған» екен.  

     Параның, келтірілген залалдың сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктердің, келтірілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе залалы жоқ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы төленеді. Ал, 1 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын пара немесе келтірілген залалдың сыйақысы оның 10 пайызын құрайды.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button